Алматы облысы құрылыс басқармасының басшысы Сапар Нурашев пен Еңбекшіқазақ ауданының құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы
Рауан Каипов ауданда салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады.
Атап айтқанда, Қызылшарық ауылындағы 50 адамға арналған дәрігерлік амбулатория, Шелек ауылындағы дене шынықтыру- сауықтыру кешені, Х.Бижанов атындағы орта мектепке қосымша салынып жатқан спорт және акт залын, Шелек ауылындағы 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін орта мектеп, Ащысай ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Төле би ауылындағы 450 орындық орта мектепті аралады. Есік қаласындағы гуманитарлық колледж 200 орындық жатақхана, Есік қаласындағы 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін орта мектеп нысандарын аралау барысында құрылыс сапасы мен уақтылы аяқталуын басты назарға алды.
Жуырда әлеуметтік желіде Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылындағы мектеп құрылысы жарты жылға жуық тоқтап тұрғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл туралы Төле би орта мектебінің директоры Қази Искаков: «612 бала қазір 60 жыл бұрын салынған мектепте оқып жатыр. Кабинет жетіспейді. Жаттығу залында спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ. Ата-аналар мен ұстаздардың арманы жаңа мектепке көшу. Жаңа мектептің тезірек ашылуына жан-жақты қолдау көрсетілсе екен», – деп атап өткен болатын. Осы мәселені жалғаған «AMANAT» партиясының өкілдері аталмыш нысан партияның жіті бақылауында екенін айтты. Облыстық партия филиалы төрағасы Қуат Байғоджаев: «Мектеп құрылысына 1 млрд 489 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Бас мердігер соның өзі жетпей қалғанын айтады. Өйткені жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден асады. Сондықтан құрылыстың тұралап қалғанын жасырмайды. Бұл жұмысты партия мүшелері бақылауда ұстамақ», – дегенді алға тартқан. Алдағы уақытта білім және құрылыс басқармаларын фракция отырысында тыңдап, қатаң шара қолданатынын айтқан. Аманаттықтар бұл нысанды Мәжіліс депутаты, партияның бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев республика көлемінде көтермек.
Биылғы жылдың май айында аудан әкімі Алтай Досымбаев журналистермен өткен брифингте аймақта осы жылы екі мектептің қолданысқа берілетінін айтып: «Бүгінде Есікте 1500 орындық, Төле би ауылында 450 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар биыл қолданысқа беріледі. Қосымша жеке кәсіпкердің қаржысына Есік пен Шелекте 900 орындық 2 мектеп бой көтереді», – деп ашып айтқан.
Әкімнің мәліметінше, қазіргі таңда ауданда үш ауысымда білім беріп жатқан 3 мектеп бар. Ал жаңа оқу жылында 8 мектептің үш ауысымға көшу қаупі тұр. 2023 жылы 6000-ға жуық оқушы 1-сыныпқа барады. Аталған мәселені шешу мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 13 мектеп салынбақ. Оның бесеуінің құрылысы биыл басталған.
Атқамінер азаматтардың уәдесіне сенген халықтың сеніміне селкеу түсірмес үшін жауапты азаматтардың мұндай шақта маңызды нысандарды аралауы айырықша маңызға ие. Тоқтап тұрған құрылысты қайта қолға алып, межелі мезгілде ел игілігіне тапсырар деген үмітімізде жоқ емес.
Дайындаған
Зорагүл Әбдіқадір