Республика күнінің қарсаңында Қарасай жерінде ауқымды шаралар атқарылып, жағымды жаңалықтардың легі аз болмады. Солардың бірі ретінде жақында Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылында оқушыларға арналған Өнер мектебінің ашылғанын айтуға болады.
Балаларға арналған өнер ордасының ашылу салтанатына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысып, ата-аналарға, оқушыларға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ аудан басшысы игі шараға құр қол келмегенін айтып, Қарасай аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков екеуі өнер ордасының ұжымына жаңа компьютерді сыйға тартты.
– Ауданымызда алғаш рет Өнер мектебі ашылып жатыр. Баршаңызға құтты болсын! Алдағы уақытта бұл ғимараттың іші заман талабына сай жабдықталатын болады. Болашақта бұл мектептен елімізді әлемге танытатын өнер қырандары шыға берсін деп тілеймін. Дәл осындай Өнер мектебі келесі жылы аудан орталығында ашылу жоспарда бар. Талайдан бері қирап тұрған Қаскелеңдегі ДОСААФ ғимаратын өнер ошағына айналдырсақ деген ойымыз бар. Облыс әкімінің қолдауымыен қазіргі таңда оның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, құрылысымен айналысатын мердігер мекеме анықталды. Келесі жылы қолданысқа береміз деген ойдамыз. Балаларды өнерге баулитын осындай мекемелер көбейе берсін, баршаңызға тағы да құтты болсын, – деп Жасұлан Тоққожаұлы ізгі тілегін білдірді.
Салтанатты шарада ауыл тұрғыны Ақбота Тоқтасынова да сөз алып, ата-аналардың атынан мектептің ашылуына қолдау білдірген аудандық әкімдікке және аудандық білім бөліміне ерекше ықыласын білдіріп, осы өнер ордасында болашақ өнер жұлдыздары шыға берсін деген тілегін жеткізді.
Екі қабаттан тұратын Шалқар ауылдық өнер мектебі 350 оқушыға арналған. Мұндағы жас өнерпаздар 17 бағытта қабілеттерін шыңдай алады. Атап айтқанда, фортепиано, домбыра, шаңқобыз, қолөнер, актерлік шеберлік сияқты өнердің түр-түрін үйренулеріне мүмкіндіктері бар.
Аталған шағын өнер ордасы Жандосов ауылдық округінің аумағында орналасқандықтан, мұнда келетін оқушыларға жақында ашылған №5 бағытта қатынайтын, яғни Қаскелең қаласы мен Жандосов, Шалқар, Шамалған, Бекболат, Қайнар ауылдары арасында жүретін автобус қолайлық болмақ.
Бұл өнер мектебінде Шалқар ауылындағы оқушылар ғана емес, жақын маңда орналасқан басқа елді мекеннің балаларына да білім алуға болады.
Өнер мектебінің ашылғанына ауылдың қариялары да риза болып, игі істің басы-қасында жүрген аудан әкіміне және басқа да басшылықтағы ұжымға алғыстарын айтуда. Әсіресе, Жандосов ауылдық округі әжелер алқасының төрайымы Елена апамыз немерелері мен шөберелерін осы мектепте оқитынына қуануда. Сондай-ақ апамыз көршілес ауыл балалары қатынау үшін жақында ашылған №5 маршруттың ыңғайлы екенін жеткізуде.
Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваның сөзіне сүйенсек, бұл шағын өнер ошағы мемлекеттік мекеме болғандықтан, оны бітіріп шыққан әрбір шәкірт мемлекеттік үлгідегі куәлікке ие болады. Мекемеде штат бойынша 65 мұғалім жұмыс істемек. Қазіргі таңда 38-і жасақталды. Олардың ішінде Қаскелеңдегі музыкалық өнер мектебінің ұстаздары да бар. Қалғанына арнайы конкурс арқылы қабылдау жүруде. Мұғалімдердің барылғы жоғары білімді. Арасында танымалдары да бар. Мәселен, атақты «Музарт» тобының бұрынғы гитаристі ауыл балаларына сабақ берсе, Халық әртісі, театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұловтың шәкірті оқушыларға актерлік шеберлікті үйретпек.
Айта кетейік, бұл мемлекеттік мекеме аталған елді мекендегі М.Ломоносов атындағы орта мектептің ескі ғимараты болған. 2017 жылы ауылға жаңа орта мектеп салынған соң, тозығы жеткен нысан жекеменшікке өткен. Алайда ол биыл аудан әкімінің ықпалымен мемлекеттің иелегіне қайтарылып, аудандық білім бөлімінің балансына берілді. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Алматы облысы әкімінің қаулысымен бүгінгі таңда Шалқар ауылының өнер мектебі ретінде ел игілігіне беріліп отыр.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ