Күн тәртібінде – әлеуметтік мәселелер

Күн тәртібінде –  әлеуметтік мәселелер

Жақында Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, оның жұмысына аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары да қатысты.

Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ашып, алдымен бұрынғы бас қосуларда айтылған кейбір ұсыныстардың орындалуы жайында хабардар етті. Мұнан кейін күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету, су пайдалануды реттеу, тарифтер және басқа мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы» «Ж-Қаскелең» ЖШС-нің басшысы Жеңіс Бектасов есеп берді. Ол өз сөзінде жүктелген міндеттері мен жүзеге асырылып жатқан істері жөнінде кеңінен, жан-жақты баяндады.
Серіктестік қаскелеңдіктерді ауыз сумен өз күштерімен, өз ұңғымаларымен қамтамасыз етеді. Барлық жұмыс сапалы түрде, жүйелі жүргізіледі. Ұжымдағы 120 адамның бүкіл қызметі тіршілік нәрінің үзіліссіз әрі талапқа сай берілуіне бағытталған. Қалада халық саны көбеюде, ал бұл жұмыс ауқымын бұрынғыдан да арттыруда. Соған сай белгіленген міндеттерді жедел іске асыруға барынша күш салынады.
– Алда тарифті көтеруге тура келіп тұр, – деді хабарламашы. – Өйткені қазір білесіздер, электр энергиясы, жанар-жағармай, материалдар қымбаттауда, бұл өз кезегінде біздің бағамызға кері әсерін тигізуде. Ауыз судың аздаған жеткіліксіздігі жазда ғана білінеді, себебі тұрғындар онымен бау-бақшасын суаратыны жасырын емес. Өйткені қалада арық жүйелері нашар, біразы бітеліп қалған. Аталған мәселе бойынша кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Несіпбала Әбділдаева, Мұхтар Байқұлов, Тұрғанбек Өмірзақов, Сабырбек Мұхтар, Бауыржан Айнабеков, депутаттар
Василий Тен, Самат Толықбай, Елена Константинова сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Жалпы серіктестік жұмысына ризашылықтарын білдіріп, алда да істің сапасын арттырып, осы бағыттан таймауға шақырды. Келесі кезекте кеңес мүшелері «Ауданның елді мекендерін газбен қамтамасыз ету, тарифтердің жай-күйі және басқа мәселелер туралы» «Алматыгазсервис» холдинг» АҚ президенті Айна Сексенбаеваның есебін тыңдады. 1995 жылы құрылған акционерлік қоғам Қарасаймен қатар Іле, Жамбыл, аудандарына да қызмет көрсетеді. 90 мың жеке, 3,5 мың заңды тұлғаны көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Мұнда жалпы 350 адам жұмыс істейді.
– Халықты газбен қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз соған сай жұмысты үнемі сапалы атқаруға күш саламыз, – деді Айна
Жомартқызы. – Баса айтатын бір мәселе – біздің тариф Алматы облысындағы ең төмені, осының өзі-ақ көп нәрседен хабар беретін шығар. Сондай-ақ қайырымдылық шараларына белсене қатысамыз. Әрине, проблемалар да бар, олар шешілуде.
Бұл мәселе жөнінде кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Бауыржан Айнабеков, Мұхтар Байқұлов, Несіпбала Әбділдаева, Әмина Абдраманова, Тұрғанбек Өмірзақов, Ғалия Матановна, депутаттар Елена Константинова, Василий Тен, Самат Толықбай, Камилжан Тогисов сөйлеп, сұрақ қойды, басқа да жұмысты алға бастыруға қатысты ұсыныстарын айтып, тілектерін жеткізді, акционерлік қоғамның ауданда үлкен жұмыс атқарып отырғанын атап көрсетті.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылады. Сондай-ақ бұл жиында талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Берікбай ҚАДЫҚОВ