Алматы қаласына жақын орналасқан елдімекендер жаппай жаңа автобуспен қамтамасыз етілуде. Жуырда ғана Қарғалы ауылында көпшілікті қуантқан ақжолтай ақпаратты естіп аудан жұртшылығы бір қуанды. Енді міне, күні кеше Мыңбаев ауылының тұрғындары дәл солай шаттыққа бөленді.
Алматы облысы әкімдігі мен Алматы қаласының мобильдік басқармасының бірлесе жұмыс атқаруының нәтижесінде су жаңа 4 автобус Мыңбаев-Қасымбек-Алматы бағытында тұрақты түрде жолаушы тасымалдайтын болды.
–Ауылымызда қуанышты жаңалық, үлкен той десе де болады. Көптен бері түйіткіл мәселенің бірі Алматы қаласына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі болатын. Алматы қаласымен
Алматы облысы әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ауылға 4 автобус бөлініп, сейсенбі күні таңғы сағат 6:00 де қоғамдық көлік алғашқы маршрутын ауылымыздан Алматы қаласына аттанды. Қоғамдық көлік Мыңбаев ауылынан бастау алып, Қасымбек ауылы, Алматы Бішкек тас жолына шығып, Алматы қаласының Төле би – Яссауи көшелерінің қиылысына дейін интервалы 59 минуттан кешкі сағат 10-ға дейін тұрақты түрде ауыл тұрғындарын тасымалдайды.
Қазіргі таңда ауылымыздың халық саны 6000 мыңға жуықтады, ауылымыз Алматы қаласына жақын орналасқандықтан халықтың басым бөлігі қатынап жұмыс істейді. Маршрут әлеуметтік тұрғыдан алғанда тұрғындарымыз үшін өте қолайлы да пайдалы болып тұр, өйткені жол ақысы оңай карточкамен 100 теңге, ал қолма қол ақшамен 200 теңгені құрайды. Сонымен қатар «оңайдың» бір артықшылығы тұрғындар автобустың қай жерде келе жатқанын телефонмен көре алады. Кешелі бері ауылымыздың үлкеніде, кішісі де қуаныштарымен
әлеуметтік желілері арқылы бөлісіп, алғыстарын айтып жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып ауыл тұрғындарының атынан Алматы қаласы қалалық мобильділік басқармасына, Алматы қаласымен Алматы облысы әкімдігіне, Жамбыл ауданының әкіміне алғысымыз бен ризашылығымызды білдіреміз. Қуанышымыз ұзағынан болсын! Қуанышты, жеңісті, жемісті күндеріміз көп болсын!,-деді Мыңбаев ауылдық округінің әкімі Темірлан Елдесұлы.
Ауылға жаңа автобус келгенде тұрғындар түгел жиналып, шашу шашып, бір-бірін құттықтағандарын жеткізді. –Аллаға мыңда бір шүкір дейміз. 30 қазан күні осы ауылдың кәрі-жасының бәрі жиналып, алғашқы рейсті жолға аттандырдық. Ауылымыздың әкімі жас болсада ақырын-ақырын тиісті жұмыстарды атқарып, осы ауылды гүлдендіруге барын салып жүр. Осының бәрі ауылдағы ағайынның бірлігінің, адал ниетінің арқасында болып жатыр. Мыңбаев ауылың қайсы десе мінеки деп көрсететін керемет ауыл. Қажетті дүниенің бәрі бар. Аудан орталығындағы мәдениет үйіндей үлкен мәдениет үйіміз бар. Мектеп, балабақша, спорт кешені, таза ауыз су, газ, электр жүйесі бәрі бар. Тек осы автобус мәселесі көптен бері көкейімізде жүр еді. Жыл сайын аудан әкімінің есептік кездесулерінде жиі айтатын едік. Біздің үніміз елеусіз қалған жоқ. Студент немерелерім 50 теңгемен қалаға жетіп алады. Одан артық не керек. Ендігі тілегіміз осы көліктер уақытмен жүріп тұрса болды. Ұзағынан болсын деймін, – деді Мыңбаев ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Қанатбек Бердіқұлов. Иә, шынында ауыл халқының еңбекке жарамды тұрғындары қалада жұмыс істейді. Осыған дейін таксиге жүгінген тұрғындардың қалтасыны салмақ түскені өтірік емес. Мысалы бұған дейін бір адам Мыңбаевтан Алматыға барып келуі үшін кемінде 1500-2000 теңге жұмсаған. Ал енді бар болғаны 200 теңгемен барып келуге болады. Сонымен қатар таксиге мінген адамның уақыты қаланың кептелісінде өтетіні рас. Ал, автобустардың арнайы жолы болғандықтан кептелісте тұрмайды.
Күнделікті қалаға барып келетін студент Айым Әбдіқасым бұл жаңалыққа ерекше қуанғанын жеткізді.
– Шынымды айтсам менің қуанышымда шек жоқ. Қаладағы колледжге күнде барып келу оңай емес. Күнделікті жолыма және тамағыма кемінде 2-3 мың теңге жұмсайтын едім. Енді студент ретінде оңай картамен 50 теңге ғана төлеп жүрмін. Автобустың іші таза, жаңа екен. Бұрынғыдай көшеге шығып, «Қашан келеді, үлгермей қалам ба?» деген сұрақ болмайды. Себебі телефондағы оңай қосымшасынан автобустың қайда келе жатқанын көріп отырамын. Дер кезінде үйден шығып отырып кетемін. Мен үшін өте қолайлы болды. Осы істі атқарған барша ағаларға алғысымды айтамын, – деді.
Ауылдағы ағайынның қуанышына куә болып жүргенде аялдамада тұрған такси жүргізіушілерінің ренішін де байқап қалдық. Ауылды қақ жарып жол бойындағы жолаушыларды салып алған көрініске олар тым қуанып тұрмағаны байқалады. Айтпақшы осыдан бірнеше жыл бұрын осы ауылдан қалаға қатынайтын бір автобустың жүргізушісі таксишілердің қысымынан жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған екен. Ол жеке меншік көлігі бар кәсіпкер болса керек. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша. Себебі бұл автобустар арнайы жоспарға сәйкес көпшіліктің игілігіне қызмет көрсетеді.
Автобусты жүргізіп отырған қалалық мобильдік басқармасының өкілі Нұржан Оспанов:
– ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, ауыл халқына қолайлы жағдай жасаудамыз. Біз Алматы маңындағы 50 шақырымға дейінгі елдімекендерді толығымен қамтамасыз етуге күш салудамыз, – деді. Жыл басынан бері ауданда 5 маршрут ашылды. Енді жылдың соңына дейін тағы 5 елдімекенге қатынайтын 5 бағыттағы маршрут іске қосылмақ. Ал 2024 жылы жоспарға сәйкес 50 елдімекенді аралайтын 20 автобусты іске қосу жоспарланып отыр.
Ерлан Қайыртайұлы