Мемлекет басшысының тапсырмасына сай әкімдер халықпен жиі кездесіп, жыл бойына шағын аудандар, елдімекендер мен өңірлерді аралап, олардың мұңына құлақ түруде. Кездесу барысында көтерілген мәселелер жинақталып, өзекті мәселелердің шешілу жолы қарастырылады. Соның арқасында тұрғындарды мазалайтын ең маңызды мәселелер жүйелі түрде шешіліп халықтың әл-ауқаты жақсаруда. Жаңа қоғамның маңызды құндылықтары – заңның үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, ашықтық және жариялылық екенін бәрі біледі. Осы құндылықтар негізінде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың алғашқы нәтижелерін халқымыз өз көздерімен көріп, сезіне бастайды. Оң өзгерістердің нақты көрінісін өңір әкімдерінің халықпен кездесулерінен көруге болады.
Жуырда Еңбекшіқазақ ауданының Әкімі Алтай Досымбаев Есік қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында А. Досымбаев аудан орталығында атқарылатын жұмыстарға тоқталып, жұртшылықты мазалап жүрген сауалдарға жауап берді. Қазіргі уақытта аудан тұрғындары үшін қолайлы, өмір сүруге жайлы ортаны құру – негізгі бағыттардың бірі. Әкімінің сөзінше, алда Есік қаласында тұрғын ұй құрылысы жанданып, бірнеше көшені абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.
Жүздесуде тұрғындарды жұмыспен қамту, мектептердегі білім беру жағдайы, міндетті медициналық сақтандыру, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыз сумен қамту, тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, жер телімі мен баспана алу жайында сөз қозғалды. Әсіресе саяжайда ауыз су тапшылығы негізгі мәселеге айнағанын, оның үстіне соңғы жылдары тұрғындар саны артқандықтан тіршілік нәріне деген сұраныс та жоғарлағанын жеткізді. Ал қала әкімі Есік өңіріндегі 8 елдімекеннің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін топтық су құбыры құрылысы біртіндеп аяқталып, Есік қаласының маңындағы саяжайлардағы су тапшылығы біртіндеп оң шешімін табатынын айтты. Жүздесуге келген тұрғындар қаланы газдандыру жұмыстары туралы да сауалдар қойды. Өз кезегінде аудан әкімі көппәтерлі үйлерді қалыпты жылытуды қамтамасыз ету үшін қазір 15 блокты-модульді қазандық (БМҚ) салынғанын айтты. Алайда бүгінгі күнге дейін газдандыруға бюджеттен қаражат бөлінбеген, тек жеке инвесторлар тарапынан жүргізілген. Сол себепті аудан орталығын газбен толық қамту үшін қиындықтардың барын жасырмады.
Әкімнің баяндамасынан кейін сөз кезегін алған қала тұрғыны Асқар Талхамбаев қаладағы Желтоқсан, Ынтымақ және Достық көшелерін жарықтандыру керектігі жөнінде пікір білдірді. Үшінші ауысымда оқитын балалардың бар екенін ескерген ол, сол жеткіншектер үшін көше жарық болуы керек екендігін алға тартты. Балалардың амандығы басты назарда деген аудан басшысы да бұл пікірдің аса орынды екенін айтып, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Б. Искаковке және осы салаға жауапты мамандарға кешікпей бұл мәселені қолға алуды тапсырды. 2023 жылдың аяғына дейін шешімі табылуы керек екенін де ескертті. Сонымен қатар 1-ші шағын ауданда балалар алаңқайын салу керек екені де сөз болды. Балалар ойнайтын алаңның жоқтығы жанына батқан ол қала орталығында тұрып, өркениеттен ада мыз деп налыды. Ал Мәлекеев көшесіне жол-көлік оқиғасының алдын алатын сақтық шалаларын жүргізу керектігін ашып айтты. Сонымен қатар Райымбек даңғылын жарықтандыру керектігі де аса маңызды мәселелер қатарында екенін жеткізді. Тұрғындардың назына құлақ түрген Алтай Мәншүкұлы көтерілген мәселелердің ешқашан назардан тыс қалмайтынын ашып айтып, аталған мәселелр кешікпей шешімін табады деп сендірді. Басты мақсатымыз – халыққа қызмет ету деген ол ел тілегі ескерусіз қалмайтынын ескертті. Жолдарды жасау, жарықтандыру, балаларды заман талабына сай ойын алаңдарымен қамтамасыз ету, ауыз су мәселесін шешу кезек күттірмейтін түйткіл екенін де атап өтті.
– Бүгінде Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс. Қазір осы тұжырымдама негізінде өңір тұрғындарына қала әкімдігі тарапынан сапалы қызмет көрсетіліп келеді. Қазір қала әкімдігінің әлеуметтік желіде арнайы парақшалары бар. Кез келген қала тұрғыны аталған парақшаларға өздерін толғандыратын сауалдарын қойып, пікір қалдыра алады. Биыл да көктем келісімен қаламыздың тұрғындары судан таршылық көріп жатқанын айтып, жиі шағымдануда. Біз оларға қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Қазір әлеуметтік желі билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналды. Біз қала тұрғындары тап болған қандай да бір мәселені оңды шешуге күш саламыз. Өткен жылдан бері қала әкімдігінде «Ашық әкімдік» жұмыс істейді, – деді Алтай
Досымбаев. атқа мінер азаматтарға сенім артқан ел тілегі орындалады деген ойдамыз.
Зорагүл Әбдіқадір