Жақында Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда бірқатар өзекеті мәселе талқыланды. Жиынды ашқан кеңес төрағасы Жанат Исағұлов әдеттегідей алдымен бұрынғы басқосуларда сөз болған, ұсынылған істердің орындалуы туралы хабардар етті. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев «Қарасай аудандық мәслихатының 2022 жылғы 26 желтоқсандағы «Қарасай ауданының 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті туралы» №31-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» хабарлама жасады. Осы орайда кеңес төрағасы Жанат Исағұлов және Сағат
Мәсімақынов, Несіпбала Әбділдаева, Орынбай Жанәділ, Мұхтар Байқұлов бюджетке енгізілген өзгерістерге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Ауданның құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы Дәрмен Жапаров есеп беріп, осы салада жүзеге асқан істер жөнінде жан-жақты баяндады. Атап айтқанда, учаскелік полиция пункттері, әкімшілік ғимараты, жастарға қызмет көрсету орталығы, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлердің инженерлік желілері жайында айтты. Кеңес мүшелері бұл мәселенің маңыздылығын ескеріп, көп сұрақ қойды, орнықты пікірлерін білдірді. Мәселен, Сағат Мәсімақынов ардагерлер ұйымы отыратын орын, Мұхтар Сабырбек ветпункттер салынатын жер жөнінде айтып, Әмина Абдраманова саяжайлардың алдағы тағдыры қалай болатынын, оларға ауыл мәртебесінің берілетін немесе берілмейтінін білгісі келді. Сол сияқты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Несіпбала Әбділдаева, Орынбай Жанәділ, Бекжан Сүнбеков, Жеңіс Бектасов, Мұхтар Байқұлов осы бағыттағы жұмысты жақсартуға байланысты өз ойларын ортаға салды.
Келесі кезекте кеңес мүшелері аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ескендір Егеубектің «Ауданда жылыту маусымына дайындық, мектептердің дайындығы және жалпы осы мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» есебін тыңдады. Ескендір Егізбекұлы өз сөзінде ауданда жылыту маусымының 14 қазаннан басталғанын, бюджеттік нысандардың, тұрғын үй кешендерінің толықтай жылумен, отынмен толық қамтылғанын атап өтіп, тұрғындарды қатты отынмен қамтамасыз ету жайына да тоқталды, елді мекендерді газдандыруды да әңгіме арқауына айналдырды. Бұл мәселе жөнінде Несіпбала Әбділдаева, Сағат Мәсімақынов, Орынбай Жанәділ, Әмина Абдраманова, Ғалия Аманова, Мұхтар Байқұлов, Сабырбек Мұхтар сөз сөйлеп, сұрақ қойды және әлеуметтік нысандар мен адамдар үшін жылыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне орай нақты ұсыныстарын айтты.
Отырыста соңғы мәселе – «Ауданның білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар, мектептерді жабдықтау, жылыту және басқа да мәселелер туралы» аудандық білім бөлімінің башсысы Әсел Еркімбаева кеңінен баяндап берді. Ауданда 63 мектеп бар, оның 53-і мемлекеттік, 10-ы жекеменшік. Биылғы оқушылар саны – 82 939. 51 мектеп пен 9 балабақша газбен жылытылады, 1 мектеп сұйық отынды пайдаланады. Сәтбаев мектебінде күрделі жөндеу жүргізілуде. Шалқар ауылындағы ескі мектеп ғимаратынан Өнер мектебі ашылды. Қаскелеңдегі ескі ДОСААФ ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, ол да Өнер мектебіне айналады. Тәрбие мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Әсел Әблеқызы осындай жұмыстармен қатар саладағы проблемалық мәселелер туралы да жан-жақты жеткізе білді. Ол төменгі сынып оқушыларына тегін тамақ беру, мектеп асханаларының жай-күйі, оқушыларды көлікпен тасымалдауда біраз проблемалар бар екенін жеткізді. Сондай-ақ биыл білім саласын қаржыландыру төмендеген. Әйтейдегі ескі мектеп әлі апатты деп танылмаған.
Білім бөлімі басшысының есебі жөнінде кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, Мұхтар Байқұлов, Бекжан Сүнбеков, Орынбай Жанәділ, Әмина Абдраманова, Ғалия Аманова сөз алып, есептің жақсы берілгенін, барлық жұмыстың толық қамтылғанын атап айтып, кейбір жұмыстар бойынша ұсыныстарын жеткізді. Жиынды кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылап, отырыс бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ