Қыстың ызғары сезіліп, жер бетіне алғашқы қар түскенде жолдардың уақтылы тазалануы басты назарда болуы тиіс. Кезек күттірмейтін бұл шаруа аудан әкімінің де үнемі бақылауында.
Белгілі болғандай биылғы қар тазалау жұмыстарына «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС жауапты екенін білдік. Бұл туралы Қарасай аудандық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнің басшысы Ерік Самұратов айтып, бұл компания көктемге дейін өздеріне тиісті міндеттерін атқаратынын жеткізді.
Аталған мердігер мекеменің қысқа қаншалықты дайын екеніне көз жеткізу мақсатында олардың техникалары тұрған аумағына барып. «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС-нің өкілімен тілдестік. Айтуынша, биылғы қар құрсауынан тазаланатын аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 117 шақырымды құрайды.
– Жалпы ұзындығы 117 км болатын аудандағы жолдарды төрт аумаққа бөліп отырмыз. Атап айтқанда, біріншісі – Қаскелең қаласы, ұзындығы 72 шақырымды қамтиды. Екіншісі – Шамалған, Бекболат, Жандосов, Шалқар ауылдары, бұл елді мекендердің ұзындығы – 19,1 км. Үшіншісі – Жаңатұрмыс, Райымбек, Абай, Іргелі, Кемертоған, Көксай ауылдары, ол жақта 16 км жол тазаланады. Ал жолдың қалған көлемі төртінші аумаққа тиесілі. Яғни, мұнда Жалпақсай, Алмалыбақ, Көкөзек, Береке, Жібек жолы, Көлащы, Қошмамбет, Батан, Жамбыл, Үштерек, Құмарал, Әйтей ауылдары қамтылады, – дейді «АБЗ Карьер ДРСУ» ЖШС директорының орынбасары Мұқан Ыбышев.
Сондай-ақ мердігер мекеме өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта тайғанаққа қарсы материалдардың 500 тоннасы дайын тұр. Қалған 1000 тоннасы әзірленуде. Қысқы қар тазалау жұмыстарымен 9 техника айналыспақ. Олардың құрамында тайғанаққа қарсы тұздарды шашатын құралы бар КамАЗ автокөлктері мен арнайы қайырмалы тракторлары бар.
Жұмыстың нәтижесі міндетті мінсіз орындағанда білінетіні анық. «Қар тазалауға сақадай саймыз» деп сендірген аталмыш компанияның өкіліне иланудан басқа амал жоқ. Бәрі уақыттың еншісінде.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ