2023 жылдың 21 маусымында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған «Тіл-ғұмыр» жас қаламгерлер облыстық байқауы өткізілді. Бұл бәйге Алматы облысы әкімінің «Ақ қауырсын» жүлдесін сарапқа салды. «Тіл – ғұмыр» атты облыстық байқау өтті. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған байқаудың басты мақсаты – рухани құндылықтарды насихаттау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Аталған байқауда облысымыздан 18-35 жас аралығында 10 жас қаламгер бақтарын сынады. Сұлтан Бейбарыстың батырлығын кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тіл саясатын үйлестіруде жастардың белсенділігін арттыруды көздеген шараға танымал ақындар мен жазушы ғалымдар қазылық етті. Байқау нәтижесінде Қонаев қаласынан Самғат Оразалыұлы мен Еңбекшіқазақ ауданының журналисті Ерзат Асыл 3-ші орын иелесе, 2-ші орынды Талғар ауданынан келген Оралбек Ереванұлы қанжығалады. Ал жүлделі 1-ші орын Кеген ауданының ақыны Аршын Нұрбақытұлына берілді. Жүлдені табыстаған Басқарма басшысының міндетін атқарушы Айбол Баратбекұлы жас қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеп: « Жас ақындар мен жазушыларға шығармашылық дамуы үшін жағдай жасау және жастардың оң бастамаларына қолдау көрсетудің маңызы зор. Туған елге деген ықылас пен махаббатты арттыру, қазақ халқының дәстүрлерін жан-жақты зерделеу арқылы жастардың ақындық шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Ұлттық мәдениетімізді дәріптеу, қазақ тілінің рөлін көтеру ұлт болып ұйысып тұруымыздың алғы шарты екені белгілі. Осы мақсатта дарынды жас ақындар мен жазушыларды анықтау және оларға шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беру елдігіміздің еңсесін көтерері айдан анық. Себебі кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Әдеби, тарихи шығармалар оқитын жастардың әлі де бар екенін көрсете біліуіміз керек. Өскелең ұрпақ кітап нағыз білім бұлағы екенін ұмытпағаны жөн», – деп атап өтті.
Байқауда бағы жанып, 3 орын алған Еңбекшіқазақ ауданының ақыны, журналист Ерзат Асыл алған әсерімен бөлісіп: «Мен поэзия жанры бойынша қатыстым. Негізі бұл байқау поэзия және қара сөз жанрында болуы керек еді. Қара сөз жанры бойынша жіберілген шығармалар байқау шартына томағандықтан тек жыр жазатын ақындарға ғана жүлде үлестірілді. Облысымыздағы аудандардан келген жас ақындар отты, ойлы шығармаларымен қалам қуатын байқатты. Мұндай шаралардың жас ақындарға берері мол. Осындай додаларда олар өзара ой бөлісіп, пікір алмасады. Қазақ «Адам адамнан тәлім алады, ағаш ағаштан мәуе алады» демей ме?! Қаламдас құрдастарыммен кездесіп, шығармашылық жағындағы жаңалықтарымызбен бөлісіп марқайып қалдық. Мұндай жарыстар көптеп өтіп тұрса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір қалам тербейтін ақындар қатары сиреп барады. Тіпті өз тілінде айтар ойын толық жеткізе алмайтын жастарға да куә болып жүрміз. Әлеуметтік желінің әуресінде жүрген жастарды үлкен шығармалар, жыр-дастандар оқуға шақырар едім. Өйткені оқығаны бар ойлы ұрпақ – ел тұтқасы!», – деген ойын ортаға салды.
Жүлделі болғандар қаржылай сыйақы алса, қалған қатысушыларға дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары берілді. Біз де жас қаламгерлерге шабыт, шығармашылық табыс тілейміз. Сонымен қатар алда келе жатқан журналистер үніне орай әріптесіміз Ерзат Асылды жүлдесімен құттықтаймыз. «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» дегендей, халқыңның жоғын жоқтап, ел игілігі жолында еңбек ете беріңіз деген тілегімізді білдіреміз!
Зорагүл Әбдіқадір