Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсіміне қатысты Талғар ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегембаева өз ойын білдірді.
– Бүгінгі айтулы күн баршамызға құтты болсын! Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс беріп, үлкен өзгеріс, жарқын болашақ күткен халқымыздың арман-мұраты орындалатынына сенемін.
«Уәде – құдай сөзі» деген бар. Геродот жазбаларында бабаларымыздың батыр болуымен қатар уәдеге беріктігі айтылады. Мұсылман баласының ізгі қасиеттерінің бірі де сол – уәдеге беріктік, шыншылдық. Ақиқат жақсылыққа бастайды. Айтылған сөз, берілген уәде орындалса, біз армандаған әділетті Қазақстан орнайды. Қазақстанның азаматы ретінде менің де күтетінім осы. Билік пен халықтың арасында мызғымас сенімнің орнауы осы уәденің орындалуына байланысты. Еститін мемлекет құрып жатырмыз, естіп қана қоймай, халық пен билік арасында кері байланыстың болуы біздің еліміз үшін аса маңызды.
Ант беру рәсімін өзім бас болып, жұмыста ұжыммен бірге отырып күтіп отырмыз. Үлкен үміт пен жақсылық күтеміз. Халықтың бағы бір адамның қолында, бір ауыз сөзінде. Сондықтан бұл күннің маңызы зор. Қалай болғанда да біз Әділетті Қазақстанға, әділет пен шындыққа жақындап келеміз, – деп ойын ашып айтты.