Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға көп көңіл бөліп келеді. Осылайша «Бизнес Бастау» бағдарламасының арқасында адамдар өз армандарын жүзеге асыруда. «Бизнес Бастау» грантының иегерлерінің бірі – Іле ауданы Ақши ауылының тұрғыны Ақерке Шайменова.
Ақерке өз жобасын қорғап, 1 225 200 теңге сомасында грант ұтып алды. Алынған қаражатқа ол өз ісін ашу үшін 3 сиыр мен 2 бұзау сатып алды. Қазіргі таңда ол құрт, май өнімдерін жергілікті халыққа сатып, отбасын қамтамасыз етіп отыр.
Ақеркенің қолынан шыққан бұл өнімдер сұранысқа ие. Себебі құрамында химиялық қоспалар жоқ, табиғи шикізаттан дайындалады. Алдағы таңда дәл осы қарқынын жоғалтпай, нарықта өз орнын тапса, өндірісті ұлғайтып, біртіндеп үлкен нарыққа шығаруды жоспарлаған.
«Бастау» жобасы кәсіпкерлікті дамытуға қуатты серпін береді. Оның арқасында мен көптен армандаған бизнес-идеямды жүзеге асыра алдым. Енді еңбек етіп, өз ісімді одан әрі дамытамын», — деді Ақерке Шайменова.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығы саласымен қатар аталмыш жоба басқа бағыттарды да қамтуда. Мысалы, Қарасай ауданының Райымбек ауылынан келген көпбалалы әке Бағай Кәмелбек ұлттық нақышта бұйымдар (домбыра, астау, кәдесыйлар) цехын ашты.
«Мен Қарасай ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алу үшін жүгіндім. 2022 жылдың сәуір айында цех ашу үшін жабдықтар сатып алуға 1225200 теңге көлемінде грант алдым. Үкіметтің қолдауының арқасында көкейде жүрген істі қолға алдым. Мемлекет бізге жәрдемдескеніне өте қуаныштымын» — деп атап өтті Бағай Кәмелбек.