ЖАСТАРДЫ СПОРТҚА ТАРТЫП, АУДАННЫҢ АТЫН ШЫҒАРЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР МАРАПАТТАЛДЫ

ЖАСТАРДЫ СПОРТҚА ТАРТЫП, АУДАННЫҢ АТЫН ШЫҒАРЫП  ЖҮРГЕН АЗАМАТТАР  МАРАПАТТАЛДЫ

Әрбір адамның спортқа қосқан үлесі – отансүйгіштіктің айқын белгісі. Осындай елге құрметін спорт арқылы жеткізген ауданымыздың спорт майталмандары мен жанашырлары өткен сенбіде халықтың сый-құрметіне бөленді. Талғар ауданында спорттың дамуына үлес қосып жүрген үздіктерге Алматы облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы, Талғар ауданының әкімдігі, сондай-ақ республикалық «Ер-намыс» қоғамдық бірлестігі жылы сөздерін айтып, марапаттарын тапсырды.

Спорттық салада жеткен жетістіктердің қорытынды кешінде ауданымыздың абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтеріп жүрген бүгінгі күннің батырлары – ең үздік спортшыларды марапаттау салтанатында Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Маңғазұлы сөз сөйледі.

«Құрметті спортсүйер қауым! Халық даналығында «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Салауатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты дамыту – еліміздегі маңызды міндеттердің бірі. Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылар көбейіп келеді. Бүгінде біздің спортшылар Талғар ауданының спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Өздерінің белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен республикамыздың беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде. Біздің аудан өзінің спорт­тық тарихымен және өзінің тамаша дәстүрлерімен мақтанады. Өңірімізде салмақты нәтижелермен жеңістерге жеткен түрлі спорттық жарыстардың атақты чемпиондары мен жүлдегерлерінің тұтас тобы тәрбиеленген. Жаттықтырушылар мен спортшылар алдағы уақытта да біздің ауданның деңгейін асырып, даңқын шығаратын лайықты алмастырушыларды тәрбиелеу үшін өздерінің шеберліктері мен күштерін, өздерінің тәжірибелерін жұмсай береді деп сенемін», – деп спортшыларға сенім білдірді.

Талғар ауданының спорттағы жетістіктерін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Молдахметұлы да атап өтті.

«Талғар ауданында бүгінгі күні көптеген спорт түрінен жақсы жетістіктер бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Талғар ауданында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған болатын. Бүгін Талғар ауданында төрт спорт мектебі жұмыс жасап жатыр. Оның бірі қыстық спорт түрі мен велоспорттан жақсы көрсеткішпен жұмыс жасап жатыр. Жақында осы ауданға келген кезде Тұрсынғали Еділ ағамыздың жарысының ашылу салтанатына қатысқан кезде бұқаралық іс-шараларды өткізу мақсатында Талғардың әкімдігі ұйымдастырған үлкен іс-шараның куәгері болғанбыз. Соның, міне, жалғасын тауып, бүгін Тұздыбастау ауылында осы ауданымыздан шыққан мықты спортшыларымызға, ардагерлерімізге құрмет көрсетіп отыр. Бұл спортшылар тек қана ауданымыз мен облысымыз ғана емес, еліміздің намысын қорғаған. Солардың еңбегін бағалап, осыған орай үлкен марапат­тау кешіне келіп отырмыз. Осы жерде көптеген бапкерлер, спорт саласының қызметкерлері, ардагерлері, басшылары, соларға жанкүйер болып жүрген азаматтар бар. Еліміздің намысын қорғайтын мықты спортшылар шыға берсін. Президентіміз осы бұқаралық спортты дамыту мақсатында салауатты өмір салтын ұстанатындарды елу пайызға дейін жеткізуге тапсырма берген болатын. Жасөспірім балалар мен қыздардың спортпен тегін айналысуына үлкен мүмкіндіктер туғызу мақсатында көптеген тапсырма берілді. Олар қазіргі күні орындалып жатыр. Осы Тұздыбастау, Бесағаш, Талғардың жан-жағындағы ауыл­дарда спорт кешенін салуға сұра­ныс берілді», – деп жиналғандарды бір серпілтіп қойды.

Спорт басшы­лары ардагерлерді марапаттаудан бастады. «Спорт ардагері – 2022» номинациясымен грек– рим күресінен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Талғар ауданының құрметті азаматы, грек – рим күресінен КСРО спорт шебері, Талғар ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, сонымен бірге Талғар ауданында футболдың негізін қалаушы Ибрагим Хаджимурат, сондай-ақ армрестлингтен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Сергей Михайлов марапат­талды. Ал Нұра ауылдық округінің әкімі Данияр Күнгей мен Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Инақынұлы «Спортқа жанашыр ауыл әкімі – 2022» номинациясына ие болды. Данияр Күнгейдің жетекшілігімен Нұра ауылдық округінің спортшылары ірі табыстарға қол жеткізді. Ал Нұрбол Инақынұлы ауыл жастарын спортқа баулудан алдына жан салмай жүр. Оның жетекшілігімен тұрғындар арасында футболдан, еркін күрестен, бокстан жарыстар үнемі ұйымдастырылып отырады. Ауыл әкімдері ғана емес, мектеп директорлары да бұл күні марапатқа ие болды. «Спортқа жанашыр мектеп директоры – 2022» номинациясымен Қарабұлақ ауылы №22 орта мектебінің директоры Айдар Қоныратов, Рысқұлов ауылы №16 орта мектебінің директоры Әлия Дүйсен және де Қызылту ауылы №24 орта мектебінің директоры Ажаркүл Қайшыбекова марапатталды. Жаттықтырушылар да назардан тыс қалған жоқ. Жеңімпаз шәкірт тәрбие­леген бапкерлер: Наиль Мусаев, Виктор Парадеев, Тимур Тулев, Станислав Третьяков, Анна Храмушиналар құрметке бөленді.

Ал «Үздік спортшы – 2022» номи­нация­сы бойынша дзюдодан жасөс­пірімдер арасында Азия чемпионатының жүлдегері Нұртай Жалын, конкурдан жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегері Ксения Баталова, каратэдан жасөспірімдер арасында әлем чемпионадары Дария Плу­ж­­ни­ко­ва, Алина Осипенко, велос­­порттан жастар арасында ҚР чемпионатының жүлдегері Андрей Ремхе, шаңғы спор­тынан жастар арасында ҚР чем­пионатының жеңімпазы Айша Ракишева үздік танылды, ал «Үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – 2022» номинациясы бойынша 7 бірдей мұғалім марапатталды. Солардың бірі – Дидар Болатұлы. Оның баскетболдан қыздар коман­дасы облыс чемпионы және ҚР чемпионаттарда жүлдегер атанған. Али Жанатұлы да үздіктердің ішінде. Оның оқушылары футболдан Алматы облысының чемпионы және облыс­тың атынан республикалық жа­рыс­тарда жүлделі оралған. Еркін Төлеуғазыұлы мен Бағлан Құттығожаұлы да марапатқа ие болды. Олардың шәкірттері асық ату спортынан ІV Республикалық жасөспірімдер арасындағы жарыста 2-орын алған. 39 жыл тәжірибесі бар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Еркін Қадырбайұлы да құрметке ие болды. Ол күрестен 3 дүркін ҚР чемпионын дайындаған бапкер. Білікті бапкерлер Данияр Ерболатұлы мен Валерий Анатольевич те номинация иегері атанды. Спорт саңлақтарын тәрбиелеуде, «бұлақ көріп, көзін ашып жүрген» спорт жанашырларының орны ерекше. Олар да бұл күні үлкен құрметке бөленді. Атап айтқанда, Талғар ауданының «Ер-Намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Баяхмет, Талғар ауданы жекпе-жек спорт түрлері федерациясының президенті Әлішер Сасықов, Талғар ауданы ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Нұрболат Кәрім, Талғар ауданы ұлттық ат спорты түрлері федерациясының президенті Асхат Майданбекұлы, жеңіл атлетика федерациясының президенті Равиль Болатжанұлы және де Талғар ауданы қысқы және велоспорт түрлері федерация­сының президенті Даулет Мырзатайұлы, спорттық ойын түрлері федерациясының прези­денті Болатбек Амангел­ді, «Talgar Champions» футбол клубының президенті Аян Турлыбайұлы арнайы номинациямен марапатталды. Осы кештің ең үлкен жаңалығы – «Тalgar Сhampions» футбол командасының құрылуы болды. Спорт саласын қолдауға арналған марапаттау шарасы басқа аудандарда да жалғасын тауып, жыл соңында облыс орталығында тағы бір қорытынды кеш өтпек.

Кәусар Әбдікерім