Денсаулықты күту – біздің өміріміздегі қажеттіліктердің бірі. Міне, тамыз айының соңына да келіп қалдық. Күн суытқан кезде денсаулықты күтуге дайындалу керек. Алматы қаласының жоғары санатты педиатр дәрігері Тұрсынай Марғұланқызынан баланың иммунитетін қалай нығайтқан дұрыс екенін сұрап білдік.
– Жаз бітіп, күз де жақындап қалды. Қазірдің өзінде күннің суытқаны байқалады. Әсіресе, кешқұрым ауа салқын. Осы ретте балаларды суық тию секілді ауру-сырқаулардан сақтаудың жолдарын айтып өтсеңіз.
– Иммунитет дегеніміз – ол адам ағзаның қорғаныс жүйесі. Статистика бойынша балалар ересектерге қарағанда 4-5 есе жиі ауырады және бұл организмнің ерекшеліктеріне байланысты. Күз келіп, күн суытқан кезде бала иммунитетін күшейту үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Біріншіден, балаға арнайы күн тәртібін бекіту қажет. Бұл демалыс, ұйқы, тамақтану режиміне де қатысты. Балалар кеш ұйықтамауы керек, әсіресе, кішкентай балаларға күндізгі ұйқы қажет. Кез келген ауа райында таза ауада серуендеу міндетті. Сондай-ақ дұрыс тамақтануға да ерекше назар аудару керек.
– Желіде қазірде түрлі кеңес беретін диетологтар жетерлік. Педиатр дәрігер ретінде баланың тамақтануына қатысты қандай кеңес берер едіңіз?
– Ана сүті баланың иммунитетін көтереді. Бұл ғылыми дәлелденген. Сондықтан баланы бір жасқа дейін емізген абзал. Ана сүті ақуыздарға бай. Ал ересек балаларға келетін болсақ, оларға гигиена ережелерін үйрету керек. Баланы таза ауаға жиі шығарып, күндіз бір уақыт ұйықтатып алған дұрыс. Мүмкіндігінше баланы сырттан тамақтандырмаған жөн. Ең бастысы, жиі ауырып қалмас үшін балаңыздың иммунитетін көтеру керек. Ересек балалар газдалған сусын, фаст-фуд, консерванттар, кәмпиттер, қант жемегені абзал. Оларды бал, кептірілген жеміс сияқты табиғи өнімдермен ауыстыру керек. Күз жаңа піскен көкөністер мен жемістердің кезеңі. Осы кезде барынша жеміс-жидекпен көкеністерді жеу керек. Бұл бала ағзасына өте пайдалы. Тамақтанған кезде әр түрлі және теңдестірілген болуы керек, яғни әр түрлі ет, сүт өнімдері, жарма болуы керек.
– Ата-аналар көп мән бере бермейтін, көбіне шет қалып жататын сақтық, алдын алу шаралары бар ма?
– Күн суытқанда бала иммунитетіне баланың бөлмесіндегі ауа температурасы да әсер етеді екен. Сынап бағанасы орта есеппен 20 градус, ылғалдылығы шамамен 40-50% болуы қажет. Бөлме үнемі желдетіліп, күн сәулесі жеткілікті түсуі міндетті. Баланың иммундық жүйесін нығайту үшін гиподинамияның алдын алу, яғни қалыпты дене белсенділігі маңызды. Анемия, рахит сияқты негізгі аурулардың алдын алу және емдеу үшін C, D, E, Омега-3 дәрумендерін және құрамында темір бар витаминдерді ішу керек. Кез келген дәрі, дәруменді қолданар алдында міндетті түрде баланың жасына сәйкес мөлшерін анықтап алу керек.
– Вакцинаға қатысты не айтар едіңіз?
– Тұмауға қарсы вакцина балаға ғана емес, бүкіл отбасыға қажет. Қазіргі жағдайларды ескере отырып, адам көп шоғырланатын орындардан: сауда орталықтарынан, дүкендерден, базарлардан аулақ болып, ата-аналар шектен тыс қонақжайлылықты азайтуы керек. Қарапайым тазалық ережелерін сақтап, үнемі қолды сабындап жуып, ересек балаларға бетперде тағып, арақашықтық сақтауды естен шығармау қажет.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Кәусар Әбдікерім