ТАЛҒАРЛЫҚТАР РАДИОНЫҢ АШЫЛУЫН ТОЙЛАДЫ

ТАЛҒАРЛЫҚТАР РАДИОНЫҢ АШЫЛУЫН ТОЙЛАДЫ

Өткен сенбіде Талғар ауданында алғашқы радионың іске қосылу құрметіне Солдат шатқалының баурайында орналасқан «Алатау» шаңғы және биатлон кешенінде «ALATAU FM FEST» фестивалі болып өтті. Фестивальде «Балалар жылы» аясында қызықты ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылып, қазақстандық эстрада жұлдызда­рының қатысуымен концерт болды.

Әкімдік­тің алдынан әрбір 5-10 минут сайын тегін автобустар фестиваль орнына қарай қатынады. Ауқымды іс-шараға бала-шағасымен асыққан адамдар автобустарға лық толды. Тұрғындарды алуан түрлі көздің жауын алатын мультфильм кейіпкерлері кейпіндегі қуыршақтар қарсы алды. Балалар қуыршақтармен естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды. Одан бөлек, тұрғындарға тегін палау мен сусындар таратылды. Фестиваль­дің ашылуында аудан әкімі Қайдар Әбдіханов құттықтау сөзін сөйледі.

«Сіздерді 95,5 FM радио толқынындағы «Alatau FM» алғашқы ақпараттық ойын-сауық радиосының ашылуымен құттықтаймын! Радионың ашылуы тек аудан үшін ғана емес, жалпы облыс үшін де маңызды оқиға. Радионың миссиясы — Алматы облысы, Талғар ауданы тұрғындарына арналған мәдени, әлеуметтік, бизнес-бағдарламалар және шұғыл жаңа­лықтар тарату. Халықтың ақпараттан­дыру және мә­дениет деңгейін көтеру. Бұл радиоторап облыс­тың экономикалық дамуына да жаңа серпін береді деп сенемін. Радио музыка арқылы тыңдаушының көңіл-күйін көтереді. Жағымды жаңалықтарымен бөлісіп, жақсы әнмен жігерлендіріп, ақыл-кеңестерімен қолдап отырады деген сенімдемін», — деді аудан әкімі.

Әкімнің құттықтау сөзінен соң Rolex Band атты топ өнер көрсетті. Неше түрлі аспаптармен, домбырамен күй шертті. Ата-аналар шырқалған әуенге балаларымен бірге би билеп, көңіл көтерді. Балалар жылына орай фестиваль балаларға ерекше көңіл бөлген. Аниматорлар ойын–сауықтық бағдарлама өткізіп, көпіршік шоуын көрсетсе, ал ересектер үшін спорттық ойындар ұйымдастырылды. Фестиваль­ге келген қонақтар үстел теннисі мен кір тасын көтерді. Тау бөктерінде таза ауадағы фестиваль аудан тұрғындарына естен кетпес көңіл-күй сыйлады десек болады. «Фестиваль жоғары деңгейде өтуде. Ұйымдастырған кісілерге үлкен рахмет. Бала-шағамызбен келіп, бір демалып қайттық. Ауданымызда алғаш рет радио ашылып жатыр. Мен өте қуаныштымын. Талғарымыз өте әсем қала. Таза ауа тау бөктерінде ұйымдастырғаны дұрыс болған. Бұрын барлық жерде радио болғанда ойлайтынмын бізде неге радио жоқ деп. Мінекей, радиомыз ашылып, бір қуанып қалдық», — деп бөлісті радионың ашылғанына қуанған қала тұрғыны Айгүл Мұ­ратқызы. Ауданымызда талай жылдан бері таксист болып істейтін Ержан Мұхамер:

«Сене алар емеспін! Бұрын армандаушы едім өзіміздің радио болса деп… Мен таксист болғаннан кейін көп теледидар көре бермеймін. Көлікте отырған соң, көбінесе, радио тыңдаймын. Бұрын басқа радиоларды тыңдайтынмын. Енді өзіміздің «Алатау» радиосын тыңдайтын болдым. Осы радиотораптың ашылуына күш салған адамдарға үлкен алғыс білдіремін. Бүгін тарихи күн! Радиомыз әрі қарай өркендей берсін! Бұдан әрі қарай облыстарға шықсын!» — деп ақ тілегін жаудырды Ержан ағамыз.

Жанында тұрған жас жігіт те сұхбат бергісі келіп:

«Өзіміз Талғар ауданымызда жеке әуе толқыны болғаны өте жақсы. Ауданымызда болып жатқан жаңалықтарды естіп, хабардар болып отырамыз. Соңғы жаңа үздік әндерді өз әуе толқынымызда естиміз», — деді қала тұрғыны Ақжан Ізбасарұлы.

Әрі қарай сағат 16:00 шамасында «Alatau FM» радиосының ашылу құрметіне еліміздің танымал эстрада әншілері өнер көрсетті. Кентал, Марсель, Мақпал Исабекова, «Үркер» тобы, Бүркіт пен Айша, Ділназ Ахмадиевалардың әуезді әндерін тыңдаған талғарлықтар би билеп, қосыла ән шырқады.

Радионың ашылу құрметіне арналған салтанатқа Талғар ауданының бірінші әкімі болған Әлихан Тойбаев та келген.

«Мен 1992 жылы Талғар ауданының әкімі болдым. Менен кейін 8-9 әкім болыпты. Енді ол жылдары өте қиын жағдай болды. Қазір мына жерде біздің жастарымыз шабыттанып, билеп, жақсы көңіл-күймен тұр. Мен осыны көріп, қатты қуанып тұрмын. Қазақта мақал бар ғой «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Міне, осы отыз жылдың ішінде Қазақстанымыздың қалай өзгергенін өз көзімізбен көрдік деп айтуға болады. Бұл радиода сауатты журналистер қызмет істейді деп естідім. Бұл радио өте өзекті мәселелерді халыққа түсіндіріп, жеткізетін болады. Бұл радио жалғыз Талғар емес, Еңбекшіқазақ, облыс орталығы Қонаевқа дейін естілетініне менің сенімім зор. Бұл үлкен қуа­ныш. Радионы ашу оңай емес. Оны құрушылар жігерлігінің арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. Жақсы хабар беріңіздер!» — деп құттықтады Әлихан Тойбаев.

Радионың салтанатты ашылу рәсімінде радионың негізін қалау­шылар Рустам Мақсұтов пен Данияр Даутов аудан әкімі Қайдар Әбдіхановпен қызыл лентаны кесті. Осылайша, ауданымызда алғашқы «Alatau FM» радиостанциясы пайда болды. Естеріңізге сала кетейік, «Alatau FM» радиосы 16 тамыздан бастап хабар тарата бастады.

Кәусар Әбдікерім