Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, жаңа кірген барыс жылын «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осы ретте талапты да, талантты оқушыларға арналып Талғар қаласындағы №7 орта мектепте «Сырлы әлемге саяхат» атты облыстық сурет көрмесі өтті. Тек сурет көрмесі болып қана қоймай, семинар да ұйымдастырылды. Ұстаздар өзара тәжірибе алмасып, балалардың талантын ашу жолындағы тәжірибемен бөлісті. Семинарда Талғардағы оқушылар шығармашылық ұйымының әдіскері, әрі сурет көрмесінің жетекшісі Қарлығаш Әуелханқызы сөз сөйлеп, президентіміздің өзі қолдап отырған биылғы балалар жылынан үлкен үміт күтетінін, осындай іс-шаралар көбірек болатынын айтты.
Жалпы Талғар ауданы бойынша қылқалам көрмесіне 30 шақты мектеп қатысты. Әр мектептің мұғалімдері оқушылардың балалар жылына арнап салған алуан түрлі суреттерін іліп қойды. Суреттердің көптігі соншалық үстел бетіне сыймай, жерге де тізіп жатты. Ал картиналардың жанына салған оқушының аты-жөні, қай мектептен екендігі жазылған. Жиналған адамдарға әр мектеп өз оқушыларының салған суреттерінің мән-мағынасын, осы бейнелер арқылы баланың не айтқысы келгенін түсіндіріп тұрды. Сурет көрмесін аралап жүріп, екі кішкентай талантты баланы байқадық. Олар Жалғамыс ауылынан келген суретшілер екен. Жалғамыс ауылының №15 орта мектебінің 2 «а» сынып оқушысы Ахметжан Асылжанның суретін көрдік. Асылжан өзінің ата-апасының жайлауын салыпты.
– Мен ата-апамның жайлауына барғанда тауларды көріп, ұнаттым. Таулардың әдемілігі осы суретті салуыма себепкер болды. Көзіммен көрген сұлулықты сурет арқылы басқаларға да көрсеткім келді. Содан атамның жайлауын бейнелеп келдім. Мен сурет салғанға өте қызығамын. Болашақта суретші болғым келеді», – дейді жас суретші.
Жанында тұрған кішкентай қыз – Анар Арыстанбек. Ол да Жалғамыс ауылынан екен. 2 «б» сыныбының оқушысы.
– Мен демалыста ата-анаммен және үш сіңіліммен жағажайға бірге қыдыруға бардық. Кеш бата бастағанда күннің батып бара жатқан сәтін көріп, қызықтым. Сол сәт картина болып елестеді. Содан үйге бара сала осы суретті қағаз бетіне түсірдім», – деді Анар.
Жалпы, сурет көрмесінде балалардың түрлі ой-қиялдарынан шыққан суреттеріне таң қалдық. Балдырғандар мұнда қылқалам, гуаш сияқты бояуларды пайдаланып, қағаз бетіне түсірген. Балалар жылына арналып салынған суреттер де болды.
– Бүгін біз өзіміздің мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз. Өйткені балалар жылына байланысты суретші мұғалімдердің басын қостық. Бір-бірімізбен пікір алмасып, қандай жұмыстар жасалып жатқанын көрдік. Мұғалімдердің еңбегі ақталып, шәкірттерінің шығармашылық жағынан да өсіп жатқанын байқадық. Енді қараша айында қолөнерлер көрмесі болады. Сонда да талантты балаларымыздың туындыларын тамашалайтын боламыз», – деді Қарлығаш Әуелханқызы.
Көрмеге келушілер суреттерге тамсанып қарап қана қоймай, құлақ құрышын да қандырып қайтты. Өнерпаз оқушылар қазақ, үнді биін билеп, ал домбырашылар әсем қоңыр күйдің үнімен әуездетті. Жиналған ұстаздар бір-біріне алғыстарын білдіріп, соңында осы керемет күннен естелік болсын деп суретке түсті.
Кәусар Әбдікерім