БЕЛБҰЛАҚТА АҒАШТАРДЫ ЗАҢСЫЗ КЕСКЕН КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛМАЙТЫН БОЛДЫ. АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БҰЛ ІС БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАДЫ

БЕЛБҰЛАҚТА АҒАШТАРДЫ ЗАҢСЫЗ  КЕСКЕН КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ АЙЫППҰЛМЕН ҚҰТЫЛМАЙТЫН БОЛДЫ. АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БҰЛ ІС БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАДЫ

Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылында бірнеше ағашты отап тастаған кәсіпкер әйел бастапқыда айтылғандай 153 мың теңге айыппұлмен құтылмайтын болды. Талғар ауданының полиция басқармасы заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Орман патологі жасаған сараптамасы қорытындысына сәйкес, кәсіпкер табиғатқа 1 миллион теңгеге жуық залал келтірген. Яғни, заңсыз кесілген ағаштардың саны мен жас мөлшерін есептеу барысында 980 016 теңге залал келтірілгені анықталды. Бұл шығын 300 АЕК-тен асады деген сөз. Айта кету керек, заңсыз ағаш кесілген ағаштардың шығыны 200 мың теңгеден асқан жағдайда әкімшілік емес, қылмыстық іс қозғалады.

Естеріңізге салсақ, газетіміздің өткен нөмірінде Белбұлақ ауылында тұратын кәсіпкерге 8 ағашты рұқсатсыз кескені үшін әкімшілік жаза тағайындалғанын жазған болатынбыз. Онда мамандар 153 мың теңге айыппұл салынады деген. Алайда қайта тексеру нәтижесінде кәсіпкер әйелдің іс-әрекеті әкімшілік жазадан асып, қылмыстық құрамға кіретіні айғақталды. Сол себепті де полицейлер заңсыз ағаш кесу фактісі бойынша ҚР ҚК 340-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Бұл ақпарды Талғар аудандық Экокеңес мүшесі, аудандық маслихаттың депутат Ержан Игібаев та өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді. Белгілі болғандай, кәсіпкер әйел оталған ағаштарды тексеру ісі бітпей жатып жинап әкеткен. Бұл әрекет оның қылмыстық істі жасыруы болып табылуы да мүмкін.

Кәсіпкердің бұл қылығы уақтысында қоғамның талқылауына түсіп, жұрттың наразылығын туғызған болатын. Аудандық полиция басқармасы тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін істі сотқа жібермек.

Кенже СЕРІКБАЙҰЛЫ