Сейсенбі күні бір топ маслихат депутаттары Талғардың жоғары жағында жүргізіліп жатқан жол бойын абаттандыру, жасалып жатқан жаяу жүргіншілер жолына және де басқа құрылыс нысандарына барып, қадағалау, тексеру жұмыстарын жүргізді. Олардың ішінде маслихат хатшысы Мұхит Әлібеков, маслихат депутаттары: Бауыржан Аукенов, Айдар Сарипов, Жасұлан Айтқалиев, аудандық «Аманат» партиясының өкілі Руслан Үсікбаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Жұмахан Еңкебаев және тұрғынүй – коммуналдық шаруашылығы бөлімінің, құрылыс саласының мамандары болды.
Алғашқы сапарларын Абай көшесінің жоғары жағында орналасқан «Аққу» ықшам ауданындағы орталық жолдың бойында жасалып жатқан жаяу жүргіншілер жол құрылысынан бастады. Бұл құрылысты жүргізіп жатқан «Гарант Строй Групп 2016» ЖШС деп аталатын мердігер компания. Директоры Абзал Ахманов деген азамат екен. Жаяу жүргіншілер жолына байланысты бұған дейін де депутаттар қадағалау жұмыстарын жүргізген көрінеді. Мердігер компанияға сол кездері атқарып жатқан жұмыстарындағы біршама кемшіліктері үшін ескерту жасалыпты. Бұл жолы қадағалаушы топ сол кемшіліктердің қаншалықты түзетілгенін, басқа да жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанын саралап шықты.
Жаяу жүргіншілер жолын жасап жатқан «Гарант Строй Групп 2016» ЖШС-ның жұмысы жайында маслихат хатшысы Мұхит Әлібеков: «Осыған дейін де депутаттар тарапынан бұл компанияның жұмысы қадағалауға алынған болатын. Ол кездері де тексеріске Талғар қаласының әкімі, тұрғынүй – коммуналдық шаруашылығы бөлімінің және өзге де саланың бас мамандары қатысқан-ды. Атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалау барысында мердігер компанияға өз тарапымыздан ұсыныстарымызды айтып, кем-кетік жерлерді көрсеткен едік. Бұл жолы сол кемшіліктердің біршамасы түзетіліп, айтқан ұсыныстарымыз да назардан тыс қалмапты. Бұл жоба негізінен жыл аяғына дейін бітуі қажет. Атқарылып жатқан жұмыс ауқымына қарап, мердігер компанияның кешіктіре қоймасы көрініп тұр. Тек олардың ендігі қалған жұмыстарына сәттілік тілейміз», – деді.
Қадағалаушы топ келесі сапарын Тәңіртаудың қойнауында жатқан тоған етегінен қалаға қосымша ауызсу тарту жобасы бойынша жасалып жатқан құрылыс орнына қарай түзеді. Бұл құрылыстың басы тоғаннан төмен қарай 900 метр шамасынан басталады екен. Жылдан-жылға қаланың аумағы үлкейіп және аудан маңындағы елді мекендердің су тапшылығын тарта бастауына байланысты елді ауызсумен толық қамтамасыз ету барысында осы жоба қолға алыныпты. Құрылыстың басталғанына әлі көп бола қоймағаны көрініп те тұр.
Жобаның қаншалықты маңыздылығы жайында маслихат хатшысы:
«Елдің, халықтың, тұрғындардың су мәселесіне орай арыз-шағымдары ескеріліп, мынау, көріп тұрғанымыздай, ауданымызда үлкен жоба қолға алынып жатыр. Бұл жобаға 2 млрд 735 млн теңге бөлінген. Мердігер компания бұл құрылысты 21 айдың ішінде аяқтап, 2024 жылғы наурыз айында толықтай іске қосып беруі тиіс. Сол себепті де осы жұмыс қоғамдық кеңес, депутаттар тарапынан әкімшілікпен біріге отырып қадағалауда болады. Негізгі мақсатымыз – Талғар қаласын таза сумен қамтамасыз ету. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс болғандықтан жұмыстың сапасын қадағалап, кейбір жерлерге жобадан тыс өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек болса, ақылдаса шешіп отыратын боламыз. Артық шығынға жол бермеуіміз қажет. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсап, үнемді пайдаланып, халықты таза сумен қамтамасыз ету – міндетіміз. Мердігер компанияның қазіргі атқарып жатқан жұмыстары жаман емес көрінеді. Жұмысқа қажетті техникалары да жеткілікті екені көрініп тұр. Құбырларды тарту, су қоймаларын кеңейту барысында өзгертулер мен толықтырулар болатын жағдайда авторы, технадзоры бір-бірімен келісіп, ақылдасып жұмыс атқарады. Біз болсақ, атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы болуын қадағалаумен айналысамыз. Талғардағы тұрғындарға ауызсу тоқтаусыз бұрынғы су қоймаларынан тартылған құбырлар арқылы беріліп отырады. Сол себепті де халықтың алаңдауына негіз жоқ», – деп түсіндірді.
Су – қашан да тіршілік көзі. Аталмыш жоба толықтай жүзеге асса, Талғар ауданының халқы ауыз су мәселесін шешіп алары ақиқат. Бәрімізді сол күнге аман-сау жеткізсін деп тілейік.
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ