Белбұлақ ауылында заңсыз ағаш кескен кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды. Табиғатты қорғау инспекторы Дастан Беріков істі сотқа жеткізіп, оған 153 мың теңге айыппұл салдыруды көздейді.
Талғар – Алматы күре жолының бойындағы шағын базардың жанында өсіп тұрған қараағаштарды кескен кәсіпкердің әрекетін тұрғындар таспаға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан. Осыған орай аталмыш жерге келгенде Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Толқынов, Талғар аудандық Экокеңес төрағасы Мирас Байсейітов, аудандық маслихат депутаты, Экокеңес мүшесі Ержан Игібаев, табиғат қорғау инспекторы, полиция капитаны Дастан Берікбаев, Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Досымбаев, орынбасары Абзал Сабалиев, Іле Алатау паркі директорының орынбасары, Экокеңес мүшесі Данияр Жатықбаев секілді өкілетті органдардың бір топ азаматтары арнайы тексеруге барды.
Жиналған топқа осы жердің қожайынымын деген Хамза есімді азамат өкілетті орган қызметкерлерін қаңылтырлы қоршаумен қоршалған жер теліміне жақындатпай: «Бұл жекеменшік жер. Кіруге хақыларың жоқ. Тағы да бір қадам аттайтын болсаңдар, маған ренжімеңдер», – деп өкілетті орган қызметкерлерін қойша үйіріп айдап шықты. Аракідік әлдекімдерге қоңырау шалатын ниет танытып, телефонын құлағына тақап та қояды. Оның осы әрекетінен сескенді ме, әлде сөз тыңдамай, бетбақтырмас мінезінен тайсалды ма, өкілетті орган қызметкерлері оған сөздерін өткізе алмай, шарасыздық танытты.
Қоршаудың арғы жағынан кесілген нән қараағаштардың сұлбасы көрінеді. Сол бір кесілген ағаштарды кәсіпкер азамат: «Мен қазір үйсіз жүрмін. Жер қызымның атында. Осы жерге үй салмақпын. Бұлар қураған ағаштар. Құлауға шақ тұр. Оларды кесуге ауылдық округ әкімі Нұрбол Досымбаевқа арыз жазғанмын. Алайда маған ешкім жауап берген жоқ. Сол себепті жүргіншілердің үстіне құлап кетпесін деген мақсатпен кесуге мәжбүр болдым», – деп түсіндіріп жатты. Мәселенің мән-жайын анығырақ білмек болып қойған біздің сауалымызға кәсіпкер: «Бұл телім – менің заңды меншікті жерім. Осы жерге тұрғынүй салғалы жатырмын. Құрылыс жүргізуге қураған ағаштар кедергі келтірді. Сол себепті де мен оларды кесіп тастадым. Үш ағашты кескенім рас», – деп жауап берді. Кәсіпкер оларды қурап кеткен ағаштар дегенімен, теңкие сұлап жатқан ағаштардың жапырағы әлі қурамаған, жап-жасыл күйінде екенін көзіміз шалды.
Үрпиіскен өкілетті орган қызметкерлерінің әрекетсіздігі менің есіме Қожанасырдың қиялында салған үйінен әйелін қалай қуып шыққандығы жөніндегі әпсананы есіме түсіріп жіберді. Ол әпсана былай болып келетін.
Ертеде үйсіз-күйсіз жүрген Қожекең ауыл шетінен өзіне үй салмақ болып бір жерді белгілейді де, сол жерді сызғылап үйдің қонақ бөлмесін, жатын бөлмесін, асханасын сызып шығады. Біраз әуреленіп жүріп сызған үйдің жоспары өзіне де ұнап қалады. Содан көңілі көтерілген Қожекең сәл демалып алмақ болып жатын бөлмеге келіп жантая кетсе, қалғып кетіпті. Әлден уақытта тақыр жерде жатқан күйеуін көрген әйелі бұған не болып қалды екен деп қасына жетіп келіп, оята бастайды. Орнынан атып тұрған Қожекең әйелін көріп: «Өй, нәйіс! Демалуға да мұрша бермедің ғой. Қане, шық үйден!» – деп әйелін қуып шыққан екен.
Сол секілді қоршауға аттап басып кіре алмай тұрған өкілетті орын қызметкерлерінен істің ақыры қалай боларын сұрадық. Оған табиғат қорғау инспекторы, полиция капитаны Дастан Берікбаев: «Бұл тұрғынүй салу үшін берілген жер емес. Құжат бойынша жер телімі өндіріс орнына арналған. Заңсыз кесілген ағаштар бойынша материал тіркелді. Осы іс бойынша Тұрғынүй комуналдық шаруашылығы мен жер комитетіне сұрау жібереміз. Бұл кісінің ағаштарды кесу әрекеті қаншалықты заңды? Осы сауалдарға аталған мекемелер бізге жауап беруі керек. Солардың жауабына қарай біз де өзімізге тиесілі жұмыстарымызды атқаратын боламыз», – деп жауап қатты. Қазіргі кезде табиғатқа келтірілген залал мөлшері есептеліп, құжаттар сотқа жіберілді.
Кенже СЕРІКБАЙҰЛЫ