ЕСІК ҚАЛАСЫНДА ТҰРАТЫН ЕРЕКШЕ ЖАЗУШЫ ҚЫЗ: «ҚИЫНШЫЛЫҚТАР МАҒАН КҮШ БЕРЕДІ!»

ЕСІК ҚАЛАСЫНДА ТҰРАТЫН ЕРЕКШЕ ЖАЗУШЫ ҚЫЗ: «ҚИЫНШЫЛЫҚТАР МАҒАН КҮШ БЕРЕДІ!»

Жанель Қанаш Алматы облысы Есік қаласының тұрғылықты тұрғыны. 18 жастағы бойжеткен мүмкіндігі шектеулі жан болса да, тек қана алға ұмтылып, өмірдің қиындықтарына мойымай отырған батыр қыз. Ол жазушы, бірақ қатардағы жазушы емес, ол фанфик жазушысы! Фанфик жазушысы деген кім? Гуглдан қазақша теріп, іздесеңіз, таппайсыз! Фанфик жазушысы дегеніміз – әйгілі жазушы, кинорежиссердың туындысын өз қиялымен жалғастырып, өз бетінше аяқтайтын, ойы терең, фантазиясы мықты адамдар. Жанель шығарма жазып, тақпақ шығарып, түрлі киноларды немесе мультфильмдерді өз бетінше аяқтап, жазудан алдына жан салмайды. Ол Алматы облысындағы жалғыз фанфик жазушысы десек те болады. Бойжеткен қазірде адамдарға мотивация беріп, қиындықтарға мойымай күресудің жолдарын айтып жүр.

Жанель Қанаш Алматы қаласында туылған. Қазірде Есік қаласында ата-анасымен бірге тұрады. Төрт қыздың кенжесі. Жанель тағдырдың тәлкегімен туылған кезде зақым алыпты. Нәресте кезінен балалар сал ауруымен (ДЦП) ауырады. Ата-анасының қызын емдетуге апармаған жері қалмаған. Мүмкіндігі шектеулі жан болса да, ол кішкентайынан бастап өте алғыр, есте сақтау қабілеті, оқуға деген талпынысы өте мықты. Ол осы ауруға бой бермей, күресіп келеді. Бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін оқу озаты болды. Жанель орта мектепті «алтын белгіге» бітірген. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары балл жинап, өз күшімен грантқа түскен. Қазіргі таңда Халықаралық бизнес университетінің екінші курс студенті. Мамандығы – психолог.

Жанель кішентай кезінен бастап эссе жазуды, кітап оқығанды жақсы көрді. Ол, тіпті, кішкентай кезінен бастап ауруханаларда емделіп жүргенде де, кітап оқып, шығарма жазғанын тоқтатпаған. Студент қыз эссе жазудан түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алған. 18 жасар қыз досы­ның туылған күніне арнап тақпақ шығарған. Бойжеткен, әсіресе, қазақ тілінде тақпақ шығарғанды жақсы көреді, ал орыс тілінен, көбінесе, эссе жазады екен. Жанель — кітапқұмар. Кітап оқығанды жаны сүйеді. Сөйтіп, ол ақырындап әлемге әйгілі хикаяларды өз бетінше аяқтап, кітап жаза бастаған. Өз ойынан кейіпкер ойлап тауып, оларды өзі жалғастырып жазған шығармаларына келтіріп қосады. Жанельдің кейде жазушы болып немесе әдебиет саласына кетіп қалу ойы да болған. Бірақ ол психология мамандығын таңдаған. Қазірде психологиядан практикадан өтіп жатыр. Алматыдағы үздік психологтардың сабақ-тренингтерінен қалмай қатысады. Жанельдің өз ойынан шығарған бірнеше кітабы бар екен. Бірақ әлі аяқтамапты. Болашақта осы кітаптарын жарыққа шығарғысы келетінін айтады.
Қазірде «фанфик» деген термин бар. Ел-жұртқа кеңінен танымал кітап, киноға өзгеріс енгізеді.

Фанфик мультфильмде де бар. Мұндай жазушылар екі мультфильмнің оқиға желісін бір-біріне қосып жіберуі де мүмкін. Фанфик – басқа авторлар шығарған дүниені кішкене өзгеріс енгізіп, басқа түрде жазу. Яғни, оқиғаны басқаша аяқтау. Бұл фанфик жазушыларының қиялына байланысты. Жанель бүгінгі таңда бірнеше фанфикпен айналысып жатыр. 18 жасар қыз, әсіресе, фантастикалық, детектив, тарихи жанрдағы шығармаларды жақсы көреді. Тек қана драма жанры ғана ұнамайды екен. Жалпы, осылай фанфик болу ойы кітапты оқи отырып, мысалы, автор кейіпкерін өлтіріп қойса, фанфик жазушыларына «ал егер мынау өлмей қалса не болады?» деген сияқты қиял мен ойлар келеді екен. Ол арнайы күнделігіне осы идеяларын түртіп отырады. Осылай оның жазуға деген махаббаты оянған. Жанельдің айтуынша, достары «интернетте бәрі бар ғой, содан көшіре салсаңшы» деп айтады екен. Алайда Жанель «менің өзімнің жазғаным жақсы» деп жауап қайтарады екен.

Мен болашақта психолог маманы боламын, бірақ жазуды тоқтатпаймын! Мен көпшілікпен өзара байланыста болғым келеді. Кейін көпшілікке тренингтер жүргізгім келеді. «Өмір» деген қызық зат, білмейсің қашан, не болатынын. Менің соңғы жазып жатқан кітабымды толық аяқтамадым. Әлі мәлімет жинау үстіндемін. Кітабым тарихи жанрдағы фантастика екеуі аралас, өйткені ішіне кішкене қазақ тарихын алдым. Мысалы, біздің уақыттағы кейіпкерлер ежелгі заманға түсіп кетеді. Мен бүкіл кітаптарды оқимын, киноларды көремін. Соның ішінде қатты ұнайтыны – «Гарри Поттер» киносы. Мен оны көп көрдім, қанша рет көргенім есімде жоқ. Мен, тіпті, сол киноны қосқанда кейіпкерлердің не айтатынына дейін біліп отырамын. Жаттап алғанмын.

Жалпы, фанфик біздің елімізде дамымаған. Қазақ тілінде мүлдем жоқтың қасы! Қазірде желіде бірнеше сайт бар, оларға тек ағылшын және орыс тілдерінде ғана салады. Олар авторлық құқықпен қорғалады. Менің өзімнің ойдан шығарған сюжеттерім – кітаптарым – ол үнемі бір басты ой білдіреді. Менің шығармаларым жәй ғана оқи салатын шығарма емес! Оларға тақырыпты өзім ойластырам. Мен сюжет жазарда бәрін өзім алдын-ала жоспарлап қоямын. Өзімнің жазғандарым, мысалы, өткен оқиғалар, өмірім мені шабыттандырады. Мен поттерроманмын! Гарри Поттердің бүкіл кітабын, киносын қарап шыққанмын. Оларды өзгертіп, басқаша аяқтап, кейіпкерлеріне дейін өзгерттім. Өзім 18 жаста болсам да, жазған жазбаларым бірнеше мағына білдіреді. Менің санам қандай терең болса, кітаптарым, шығармашылығым да терең ойлар салады. Алдыма қандай мақсат қойсам да, ол шешімнен мені тайдыру өте қиын, – дейді жазушы қыз.

Жанельге туыстары, достары сыйлық сыйлағанда кітап сыйлайды екен. Тіпті, оған мың беттік кітап сыйлаған. Кітаптың беті аз болса, Жанель оны тез оқып қояды. Бойжеткенді ата-анасы, әпкелері қашанда қолдап келеді. Күніге олар үйдің кішкентайына «біз саған сенеміз!» деп үнемі қолдау көрсетеді. Анасының қолдауы — ол үшін өте маңызды! Жанель анасымен бірге көп уақыт өткізетінін айтады. Университетке барғанда да, анасы көмек беріп, бірге барады екен. Жанель, тіпті, 2-3 жыл бұрын мақала да жазған екен. Қазір оның өз жобасы бар. Жанельдің мұғалімі ол жобасын конференцияға алайын деп жатыр екен. Жанель қандай іс бастамас бұрын барлық адамға қолдау көрсетудің маңызды дейді. Егер ешкім қолдамаса, адамға ең қиыны сол деп сенеді. Бойжеткен психология және шығармашылық жағынан да дамығысы келетінін айтады. Осы екі бағыт оның өмірінде үлкен маңызды рөл атқарады екен. Психология сабағынан алған білімін шығармашылығына қолданады. Есік қаласында тұратын ерекше жазушы қыз туралы мақаламызды кейіпкеріміздің бір шумақ өлеңімен аяқтасақ дейміз:

О, жизнь, ты так трудна,
Подарена ты нам однажды.
На испытание ты щедра!
Даришь, отнимая силы,
Делаешь ты нас борцами!

Кәусәр ӘБДІКЕРІМ