МАРАТТЫҢ ЖОЛЫ АҚ БОЛСЫН!

МАРАТТЫҢ ЖОЛЫ АҚ БОЛСЫН!

Бозымбаев отырған боз кілем ортасынан қақ жарылып, Алматы және Жетісу облыстарына бөлінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы болып бекітілді. Алматы облысының әкімі болып Марат Сұлтанғазиев тағайындалды. Облыстық маслихат қарауына жіберілген Батыржан Байжұманов пен Марат Сұлтанғазиевтің кандидатурасына дауыс берген депутаттардың 129-ы Марат Сұлтанғазиевты қолдаған.

Марат Елеусізұлы Алматы облысының тумасы. 1976 жылы дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы – экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі. Еңбек жолын 1997 – 1999 жылдары Алматы қаласының Әуезов ауданы бойынша Салық бөлімінің бірінші санаттағы маманы, салық инспекторы болып бастаған. 1999 – 2001 жалдар аралығында Алматы қаласы бойынша салық комитетінің салық инспекторы, аға салық инспекторы, жетекші салық инспекторы, бас салық инспекторының міндетін атқарушы болып жұмыс істеді. 2001 – 2010 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетіндегі қызметін жалғастыра отырып, Алматы қаласы бойынша Салық департаменті басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. 2010 – 2012 жылдар аралығында ҚР Қаржы министрлігінде басшылық қызметтерде еңбек етті. 2012 – 2014 жылдары ҚР президенті әкімшілігі әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің сектор меңгерушілігіне тағайындалды. 2014 – 2017 жылдар аралығында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Алматы қаласы бойынша кірістер департаментінің басшысы болды. 2017 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымын атқарды. 2018 жылғы 18 қазанда ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып тағайындалған.

Атағынан ат үркетін талай қызметтерді атқарса да, қазіргі әкім қызметіне келген Марат Елеусізовтың ел алдында мойынға артылған арқанды кере-жарып, жарқ етіп шыға келген тосын мінездері байқала қоймаған. Іскерлік қызметтері де ел алдында соншалықты мәлім деп те айта алмаймыз. Алматыдай ірі аймақты басқару міндеті оған өзін көрсетуге беріліп отырған мүмкіндік іспетті. Тың идеялары мен іскерлік талантын алдағы уақыттарда көрсете жатар деген үміттеміз. Өзінен бұрын болған әкім Бозымбаевтың игі бастамаларын да аяғына жеткізуді ұмыт қалдырмаса деген халықтың ниетін жеткізе отырып, жаңа әкімге сәттілік тілейміз!