Елімізде Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға орай 5 маусымда бүкілхалықтық референдум өткізілгелі жатқандығы баршаға мәлім. Сол себепті де, үкімет мүшелері, депутаттар жер-жерлерге барып, Ата заңдағы өзгерістер мен референдум мәселесін түсіндіру мақсатында кездесулер өткізіп жатыр. Сондай кездесулердің бірі ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Сапарқызы Мұстафинаның қатысуымен Талғар қаласында өткізілді. Отырысқа Талғар ауданының әкімі бастаған бір топ мемлекеттік мекеме басшылары және аудандағы сайлау бөлімшелерінің төрағалары қатысты. Жиынның негізгі мақсаты — Талғар ауданына қарасты сайлау бөлімшелерінің төрағалары мен мүшелеріне референдумды өткізу тәртібі жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізу екен. Осы орайда сөз сөйлеген Сәбила Сапарқызы алдағы рефрендумды өткізу мәселелерін қатысушыларға толықтай талдап, саралап берді.
Талғар ауданының әкімі Қайдар Әлиханұлы Әбдіханов та өз сөзінде аудан бойынша 81 сайлау бөлімшесі бар екенін, аймақта 150 мыңнан астам халық тұратындығын мәлім етті. Референдумға байланысты жұмыстардың аудан көлемінде тыңғылықты атқарылып жатқандығын да баяндады. Жуық арада бұл аумақтағы жұмыстар толықтай аяқталатынын сеніммен жеткізді. Ал аудан прокуроры Бақұстар Қыдырбаев болса, референдумның әділ өтуі қадағаланатындығын айта келе, ережелер мен тәртіп бұзушылықтарға қатысты қарастырылатын заң баптары мен сайлау бөлімшелерінің мүшелерін таныстырып өтті. Аудандық Әділет департаменті бастығының орынбасары Қайрат Пиләлов Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға біршама тоқталып,
“бұл негізгі заң әділетті қоғам орнатуға бағытталған”
деген өз пікірін білдірді.
Жиын соңына қарай тұрғындар астанадан арнайы келген қонаққа көкейіндегі сауалын қойды. Көпшілік, әсіресе, біраздан бері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан ресми тілдің статусына қатысты сұрақтың жауабын естігісі келген:
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай үкімет ел-жұртты еститін үкімет болады деп мәлімдеп еді. Референдумға өзгерістер мен толықтырулар енгізу басталғалы бері әлеуметтік желілерде Ата заңымыздың 7-бабындағы 2-тармақты, яғни ресми тілдің статусын алып тастау жөнінде көпшілік жұрт өз талаптарын қойып жатыр. Халықтың осы талаптарын еститін үкімет естіді ме? Естісе, қандай шара жасалмақ?»
деген сауалын Әділет департаменті бастығының орынбасары Қайрат Пиләлов мырза мен ҚР Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Сәбила Сапарқызы ханымға жолдады. Сауалға Қайрат мырза: «Еститін үкімет естіп отыр. Халықтың талап-тілегіне алдағы уақытта жауап та беріп қалар деген сенімдемін» деп жауап берді. Осы жауапты Сәбила ханым да жеткілікті болар деп ойласа керек, артық ауыз сөз айтпады. Әйтсе де, сауал жолдағандар Қайрат мырзаның берген жауабын қанағат тұтып, “үміт оты өшпесе екен” деген тілекпен тарасты.
Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ, тілші