ТАЛҒАРДА 30 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛ 4 БАЛАСЫ ЖӘНЕ МҮГЕДЕК КҮЙЕУІМЕН ДАЛАДА ҚАЛҒАЛЫ ТҰР

ТАЛҒАРДА 30 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛ 4 БАЛАСЫ ЖӘНЕ МҮГЕДЕК КҮЙЕУІМЕН ДАЛАДА ҚАЛҒАЛЫ ТҰР

Талғар тұрғыны Самал Қырықбаева 4 баласымен қуықтай екі бөлмелі баракты паналап отыр. Балалары 11, 5, 4 жаста, ал кенжесі — 1 жас 3 айлық қыз бала. Көп балалы ана мұнда бір апта бұрын көшіп келген. 5 жылдан аса уақыт жалдап тұрған жер үйдің иесі меншігін сататын болып, баспананы тездетіп босатуды сұраған екен. Содан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы қаласындағы өкіліне көмек сұрап жүгінген. Олар, өз кезегінде, қиын жағдайға тап болған әйелдің жайын әлеуметтік желіге шығарған. «Далада қалайын деп тұрмыз. Жолдасым аурушаң, қазіргі уақытта ауруханада. Екінші топ мүгедегі. Бізге көмектесулеріңізді сұраймын,» — деп шырылдаған көп балалы ана, осылайша, осы қуықтай ғана баракқа көшіп келеді. Алайда, бұл үйдің тек бір айға ғана ақшасы төленген. Әрі қарай жалдамалы баспанаға төлеуге әйелдің шамасы жоқ.

Самалдың айтуынша, жолдасы Марат Қырықбаевпен 2005 жылы отау құрған. Күйеуі — 3-топтағы мүгедек. 15 жылдан бері қояншық (эпилепсия) ауруымен ауырады екен. Ойламаған жерден ұстамасы ұстаған кезде қатты дірілдеп, денесі құрысып, тіпті орнынан тұра алмай, тілі күрмеліп, сөйлей де алмай қалады екен. «Әсіресе, көктем, күз айларында ауруы жиі қозады,» — дейді Самал. Ол кезде ұстамасы 5-6 рет ұстайды. Ал жай кездері ол кәдімгі дені сап-сау адам. Самал тұрмысқа шыққанға дейін бұл жайттан хабарсыз болған. Тек екінші ұлына аяғы ауыр болғанда барып бір-ақ білген. Күйеуін тастап кете алмай, не болса да, тағдырдың жазғанына көнген. Әйел күйеуіне 2-топтағы мүгедектік берілу керек болған дейді. Бірақ, невропатолог 3 топты беріпті. «Эпилепсия ауруын келесі жылға дейін бақылап барып, 2-топ мүгедектігін береміз» деп айтқан екен. Самал ай сайын мүгедектігіне берілетін күйеуінің жәрдемақысы дәрі-дәрмегі мен жаялығынан аспайтынын айтады. Отбасы айына 31 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек және төрт балаға 49 мың теңге жәрдемақы алады. Сексен мың теңгенің жартысы пәтер ақысына кетеді екен. Қалған ақшаға төрт баланың тамағы мен киім-кешегіне жеткізуіне тура келіп отыр. Отбасының тамақ таба алмай, аш қалған күндері де болған…

Отбасыға қайырымдылық қоры мен мешіттегілер көмек көрсетеді екен. Арасында азық- түлігі, ұн, майын алып беріп тұрады.
«Мен ешкімнен ақша сұрамаймын, мені тек кішкене демеп жіберсеңіздер, күйеуімнің екінші топқа өтуіне және баспаналы болуымызға көмек берсеңіздер. Қара нанымыз болса да, жейміз, табылады нан,» — деп Самал көзіне жас алды.

4 баланың анасы Самал Қырықбаева үй кезегінде 1345 боп тұр екен. Қазіргі кезде «Зекет» қоры қайырымды жандардан отбасыға 10 миллион 500 мың теңге жинап берді. Ол ақша арнайы шотта жатыр. Үй алуға жететін сома жиналғанша, қаражат шотта жатады. Қырықбаевтар отбасына баспаналы болуға қол ұшын созамын деген кісілер болса, есепшотын қалдырамыз.

Kaspi номер:87072930302
ИИН : 920501301955
Kaspi Gold: 4400 4301 2728 7685

 

Кәусәр ӘБДІКЕРІМ, тілші