Экспромт кездесу
Билік пен бұқараның арасында алтын көпірге айналған «Nur Otan» партиясының азаматтық қоғамда орны бөлек. Халықтың сенімді саяси ұйымы бола білген партияның бүгінде атқарып жатқан істері ауқымды. Ілкімді істерімен, тың жобаларымен көптің көңілінен шығып отырған бас партия өзінің сайлауалды бағдарламаларының өңірлерде жүзеге асуын қатаң қадағалап отыр. Партия белсенділері де жиі-жиі ел арасынан табылып, түйіні түйдектелген мәселелердің оңтайлы шешілуін назарға алып келеді. Әсіресе экспромт кездесудің қарапайым халық пен нұротандықтардың арасын жалғаудағы рөлі ерекше.
Жуырда Талғар аудандық мәслихатының хатшысы Мұхит Әлібеков пен «Nur Otan» партиясы Талғар ауданық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков, облыстық мәслихат депутаты Асқар Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Жасұла11
Айтқалиевтармен бірге Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясына барып, білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысты. Мектеп ғимаратын аралап, жасалып жатқан жұмыстарды бағамдап, хал-ахуалын таразылады. Асханасына бас сұғып, балалардың күнделікті ас мәзірін тексерді. Бұл білім шаңырағы ауданымыздағы үлкен мектептердің бірінен саналады. Үш тілде білім беретін мектеп гимназиясы соңғы жылдары білім сапасы жағынан да, тәрбие жұмыстары жағынан да жақсы қырынан танылып жүр. Күрделі жөндеуден де өткен. Асхана жұмысы да халық қалаулыларының көңілінен шыққан. Гимназия директорымен және ұжыммен экспромт кездесу барысында оқу орнының жәй-күйі туралы сөз болып, болашаққа бағытталған жоспарлары да алға тартылған еді.
Дәл осындай экспромт кездесу ауданымыздағы халыққа қызмет көрсету орталығында да өткен болатын. Бұл мекеменің қызметіне жүгінетін азаматтар өте көп. Сондықтан мұнда жұмыс қызып жатады. Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын аралап, халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтер бойынша жұмыстарына мониторинг жүргізілді. Орталықта барлық санитарлық талаптар сақталған. Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы да жұмыс жасап тұр. Кеңесшілер келген азаматтарға кеңес беріп, көмек жасауда. Халық қалаулыларымен эскпромт кесдескен орталық директоры Айгерім Жақыпбаева орталықтың жұмысымен таныстырып, күннен-күнге қарыштай дамып, жаңа өзгерістермен толықтырылып отыратын «Электронды үкімет» порталының тиімділігін тарқата айтып берді. Халыққа адал қызмет етіп отырған мамандардың да өз істеріне жауапкершілікпен қарап, тиянақты іс тындыруының арқасында орталық жұмысы бірқалыпты, әрі жұрт көңілінен шығуда.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»