Ағымдағы жылдың 23 қараша күні Тіл Сарайында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік — Тірегім» атты кездесу өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: Тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу. Әр салада еңбек ететін мемлекеттік қызметшілердің жетістіктерін, бүгінгі қызметі мен болашақ жоспарларын Тәуелсіздікпен ұштастыру. Баға жетпес байлығымыз — Тәуелсіздік туралы тәуелсіздік құрдастарының ой-пікірін саралау.
Кездесуде ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Қ. Шакишев «Мемлекеттік қызметшілердің құзіреттіліктерін дамыту» тақырыбында баяндама оқып, сонымен қатар қатысушылар Тәуелсіздік пен мемлекеттік қызмет туралы өз ойларымен бөлісті.
«Біздің еліміздің жастары жастар жылында өз бастамаларын дамыту үшін бірегей мүмкіндік алды, еріктілер жылында ең батыл және ауқымды жоспарларды жүзеге асыру үшін тағы бір мүмкіндік берілді. Биылғы жыл-Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Бұл-ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтары армандаған қазақ мемлекеттілігінің жандануы мен бостандыққа қол жеткізуінің маңызды кезеңі. Бүгінгі таңда Сіздердің мемлекеттік қызметке орналасуға және алға жылжуға, өз істеріңізді ашуға және жүргізуге, өз бетінше білім алумен, ғылыммен, спортпен және шығармашылықпен табысты айналысуға нақты мүмкіндіктеріңіз бар. Жастар-біздің тәуелсіз еліміздің бүгіні, сіздер – оның жарқын болашағының кепілі!»,- деп атап өтті өз сөзінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Қ. Манап.
Кездесу барысында интеллектуалды ойын ойнатылып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар берілді.Ойын қорытындысы бойынша: 1 орынды Алматы облысының Кәсіпкерлік және Индустриялды-инновациялық даму басқармасының бас маманы Әсембай Мереке, 2 орынды
Кербұлақ ауданы Сарыбұлақ ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Жармұхамбетұлы, 3 – орынды Талдықорған қаласы ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Алмас Асқарұлы Мыңбаев иеленді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті