Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел Президентінің Жолдауы 2021 жылдың жаңа оқу жылының басталуымен қатар келуі, әрбір азаматтың ерекше назарын аударды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты.
Бүгінгі ел Президентінің Жолдауы еліміздің болашағы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей.
Қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласындағы еңбек етіп жүрген ғалымдардың, қала берді мемлекеттік басшылықта отырған депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсының міндетін, қызметіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды санамалап айтып өтті.
Өз Жолдауының түйіні ретінде Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – деген даналық сөзімен бекітті. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін ашық жеткізді. Ел азаматтарын, отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге шақырды.
Президент белгілеген саяси шешімдерді толықтай қолдай отырып, ондағы негізгі міндеттерді іске асыруға қолымнан келгенше үлес қосатын боламын.
Арайлым Жұмағалиқызы,
Бесқайнар ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы