Қызғалдақ атына заты сай әсемдікке, сұлулыққа іңкәр болып қана қойған жоқ, жанының тазалығына сай рухани дүниесі де бай азаматша болып бойжетті. Қызыққа құмар қызды шабыт беріп қуаттайтын, арман-мақсатын шуақтайтын ата-анасынан бөлек –Талғар атты туған жері. Алатаудай асқақ абат мекеннің құнары да, жыр-әні де бойына дарыған бойжеткеннің білімі де қатарластарынан оқ бойы озық. Бұл бос сөз емес.
Ерекше есімді Қызғалдақ Арманқызы биыл Жамбыл Жабаев атындағы №6 орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтады. Әу бастан әліпбиден басталған білімге деген құштарлық өз жемісін берді. Үміт артқан жақындарының да, ұстаздарының да сенімін ақтап, үздік атанды. Әрине бұл үйдегі тәрбие мен түздегі ұстаздарының жемісі. Сауатын ашқан бастауыш сынып мұғалімі Шарапат Мамытқызының еңбекқорлығын, әр балаға деген қамқорлығын Қызғалдақ бір сәт ұмытқан емес. Жоғары сыныпта жетекшілік еткен Мадина Мулдиярова апайы да әр шәкіртінің дарынын ашып, жолын айқындап, қолдап, демеп келді. Білім бәсекесінде сынға түскен оқушыларының жеңімпаздар қатарынан көрінуі де осыдан болса керек. Солардың қатарында кейіпкеріміз де бар. Ұмтылысы жоғары Қызғалдақ жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін «Елбасы медалі» жобасына қатысып, жоғары интеллектісімен көзге түсіп, медаль иегері атанып және бір қуантты. Аталмыш мектеп басшысы Гүлмира Ахметова да дарабоз оқушыларының томағасын сыпырып, қоғамдық іс-шаралардан қалдырмай көзге түсуіне жағдай жасағандығын осыдан-ақ білуге болады. Содан да болар Қызғалдақ білімімен ғана емес өнерімен де дараланып көрінді. Түрлі деңгейдегі іс-шараларда әнін шырқап, жырын арнады. Түрлі тастардан әшекей бұйымдар жасайтын зергерлік қасиеті де анасы Меруерт Үсенбекқызынан бойына дарыған. Қазақы нақышпен жасаған бұйымдарын заманауи киім үлгісіне келістіре тағып, әрі көркіне көрік қосып, әрі замандастарына ұлттық құндылықты насихаттап жүргенінен ұлтжандылығын да көре аласыз.
Қызғалдақтың мақсаты да айқын. Болашақта өзінің біліктілігін дәлелдеп, прокуратура саласында қызмет атқарып, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрессем дейді. Кемел келешекке қадам басқан қазақ елінің жарқын болашағы үшін еңбек етем деген білімпазға «Бәрекелді!» дейміз. Білім бәсекесінде алар бағытың ашық болсын, Қызғалдақ!
Меруерт Мәулет,
«Талғар»
2 комментария
Меруерт 25.06.2021 at 14:58
Алар асуы биік болсын!🙏
Молдир 25.06.2021 at 19:17
Барекелди! Алга койган максаттарын орындалсын,Кызгалдак!