Полиция — ел қорғаны

Полиция — ел қорғаны

Учаскелік полиция – заң бұзушылықпен күрес жүйесінің алдыңғы шебі деуге әбден лайық. Олай дейтініміз халықпен жеке байланыс орнатып, қоғам ішіндегі тұрақтылықты назарында ұстайды. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын өз бетінше қарап, жаза қолдана алады. Жыл басындағы деректе осындай жауапты салада жұмыс жасап жүргендердің штаттық саны 5900-ға жуық инспекторды құраса, оларға қосымша 600-ден астам көмекші қарастырылған. Ал осының ішінде 59 қырағы қызметкер Талғар тыныштығын күзетіп жүрген жүректі азаматтар.

Солардың бірі Талғар аудандық полиция басқармасы жергілікті Полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Ғани Асқаров. 1989 жылы дүниеге келген полиция капитаны ауданымыздың төл тумасы. Алаш арысы Тұрар Рұсқұловтың атымен аталатын Талғар қаласындағы № 9 мектепте білім алып, кейіннен жоғарғы оқу орынына түсіп «заңгер» сынды ұрмалы соқпақты саланың маманы атанады. Жоғары біліммен білікке ие маман 2011 жылдан бастап ішкі істер органындарында қызмет жасап келеді. Отбасында екі бірдей ұлды тәрбиелеп отырған ел ішіндегі тәртіпке жауапты отағасының жеке өмірі де көпке үлгі. Ауданға алғаш қызметке келген кездегі қиындықтарды уақыт өте іс тәжірибесімен жеңген Ғани үшін бүгінгі ауданның жәй-күйі бес саусақтай таныс. Қазіргі уақытта Алатау ауылдық округіне қарасты ауылдардың тұрғындарымен тікелей жұмыс жасауда. Сөзінше күн-түн жүру олар үшін жоспарлы жұмыс кестесі. Түннің кез-келген сағатында тұрғындардан түсетін қоңырауына жауап беріп, керек кезде тиісті жерден табылу учаскелік инспекторға қалыпты құбылыс. Күніне әртүрлі мәселе бойынша аудан тұрғындарынан 5-6 қоңырау қабылдап, күтпеген келеңсіздіктермен бетпе-бет келіп жатады. Отбасындағы кикілжің, көршілер арасындағы түсініспеушілік, мас жүріп ел мазасын қашырған тентектерді тезге салу Ғани және оның әріптестерінің қалыпты тіршілігі. Өңірдегі халық саны ұлғайған сайын оларға түсетін жауапкершіліктің жүгі де ауырлай бермек. «Сол жауапкершілікті абыроймен атқару басты азаматтық парызым»,- дейді Ғани Асқаров.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»