Басты міндет – елге қызмет

Басты міндет –  елге қызмет

«Іс тетігі білікті маман қолында» дегендей, өзіне жүктелген жауапты міндеттерді ұзақ жылдар бойы қалтқысыз атқарып келе жатқан мемлекеттік қызметшілер қатарында Панфилов ауылдық округ әкімінің орынбасары Мықтыбаева Сәуле Набиоллақызы да бар. Ол 1967 жылы 7 маусымда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Архарлы ауылында дүниеге келген. Тумысынан зерек, алғыр болып өскен Сәуле мектепті үздік аттестатқа аяқтап, ҚазҰУ-дің «география» факультетіне түсіп, жоғары білім алып шығады. Білім қуған жас маман кейіннен Қазақ-Ресей университетінің сырттай бөлімінде оқып, «экономист-қаржыгер» мамандығын да қосымша игереді.

Сәуле Мықтыбаева 1999 жылдың наурыз айынан бастап Талғар ауданы әкімдігіне жетекші маман болып жұмысқа орналасады. Әрине мемлекеттік қызметке аяқ басқан ол алғашқыда жүрексінгені рас. Әйтсе де, көкірегінде көзі бар, өзіне сеніп тапсырылған жұмысты үлкен жауапкершілікпен тиянақты атқара білетін Сәуле өз ортасына жақсы қырынан танылып, 2001 жылы жалпы бөлімге бас маман болып ауысады. Аудан әкімдігіне келіп түсетін барлық хат-хабар, арыз-шағым, басқа да маңызды құжаттар жалпы бөлімнен өтетіні белгілі. Бұл жұмыста қырандай қырағы, сауысқандай сақ болу маңызды. Әрбір қағаздың артында адам тағдыры, тіпті бір ауылдың мүддесі тұруы мүмкін. Сол себепті талапқа сай дер кезінде тіркеуге алып, жауапты лауазым иелеріне бағыттау, нәтижесін назарда ұстау сынды қым-қуыт жұмысты шашауын шығармай тиянақты атқару оңай іс емес. Осылайша үкіметіміздің алға қойған келелі міндеттері мен келісті істерін жүзеге асыруда тәжірибесі толысып, талап биігінен көріне білген Сәуле Набиоллақызы 2014 жылы Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалып, өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып келеді. 2019 жылдың сәуір айынан бері жауапкершілік жүгі салмақты округ әкімінің міндетін қоса алып жүруі оған деген үлкен сенім әрі сын екені рас. Аталмыш округтегі 7 елді мекенде барлығы 26654 адам тұрады. Бұл тіпті кейбір аудандардың халық санымен пара-пар. Олардың 596-ы көпбалалы аналар, 410-ы мүгедек жандар, 3310 зейнеткер бар. Өзіміз көріп отырғандай, халық тығыз шоғырланған округтің тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, қоғамдық-саяси өмірі, ауылшаруашылығы мен жеке кәсіпкерлік, денсаулық, білім, құқық қорғау салаларына қатысты мәселелердің барлығы да ауыл әкімдігінің назарында. Береке-бірлігі, тындырымды тірлігі жарасқан ауыл жұртының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Сәуле Мықтыбаева бастаған он беске жуық әкімдік қызметкерлерінің тынымсыз еңбегіне көпшілік дән риза. Шындығында да, мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, халықпен жұмыс жасауда әдептілікті, мәдениеттілікті қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ол үшін әрбір мемлекеттік қызметші өзінің қызмет этикасын, функционалдық міндетін жетік білуі шарт. Әкім – халықтың шынайы қамқоршысы, жанашыры бола білгенде ғана оған деген сенім де, құрмет те арта түсері анық. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоя білетін іскерлік әрі ұтымды ұйымдастырушылық қабілетімен осынау биік үрдістен көрініп келеді. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, алдына келген кез-келген жанның мұң-мұқтажын, көтерген мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында оңтайлы шешілуіне бар күш-жігерін салатын Сәуле Набиоллақызының әр күні таңсәріден басталып, кеш батқанша жалғасады. Әсіресе, қамқорлық пен қолдауды қажет ететін жандарға қол ұшын созып, игі істердің ұйытқысы болуды өзінің адами, азаматтық борышы санайтын ол жылағанды жұбатып, сүрінгенге сүйеу болуға ынталы. Бір бойында адам сүйсінер тамаша қасиеттері мол, жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған, табиғатынан биязы, өз ісіне аса тыңғылықты білікті басшы Сауле Мықтыбаеваның соңынан ерген жастарға үйретер үлгісі, көрсетер тәлімі мол.

Бар саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған С.Мықтыбаева білікті маман ғана емес, отбасында аяулы жар, жарық дүниеге бір ұл, бір қыз әкелген ардақты ана, немерелерін алақанына салып отырған мейірімді әже. Өмір атты теңізде игіліктің кемесімен жүзе біліп, жауапты қызметте адалдық пен адамгершілікті қатар ұстап, ел игілігі жолында елеулі еңбегімен көптің ықыласына бөленіп келе жатқан Сәуле Набиоллақызын төл мерекесімен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да абырой биігінен көріне беріңіз деп тілейміз!

Райхан Азимова,
«Талғар»