Мемлекеттік қызмет-жауапты міндет

Мемлекеттік  қызмет-жауапты міндет

23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай мерекелік шара ауданымыз­да да ұйымдастырылды.

Аудан әкімдігінің үлкен залына жиналған мемлекеттік қызметкершілер алдында алғашқы сөзді аудан әкімі Қайдар Әбдіханов алып, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Содан кейін бірқатар білікті маманға облыс әкімі А.Баталовтың «Алғыс хатын», бірқатарына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Л.Бейсеқұлованың «Алғыс хатын» табыс етті. Бұл күнгі мерекелік жиында аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болған азаматтардың да қатары көп болды. Қайдар Әлиханұлы ауданымызды басқарған білікті басшы Жолан Омаров атындағы мемлекеттік қызметшілер байқауының жеңімпаздарын да марапаттап, «Алғыс хаттары» мен сый-сияпаттарын тарту етті. Мерекелік кеште мемлекеттік қызмет ісінің ардагері Салтанат Сайранова құттықтау сөз алып, халыққа қызмет етудің қаншалықты қиын әрі жауапкершілік жүгі ауыр екенін айта келіп, ақжарма тілегін ақтарды. Жас мемлекеттік қызметшілер атынан сөз сөйлеген Талғар қаласы әкімі аппаратының бас маманы Эльмира Ерниязова халыққа адал қызмет етіп, ел сенімін ақтауға дайын екенін жеткізсе, Алатау ауылдық округінің жас маманы Динара Құрақбаева жас мемлекеттік қызметшілер атынан ант берді. Мерекелік шараның соңы ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»