Күні кеше ортамызда жүріп «Тәртіп болмаған жерде, тәрбие болмайды», — деген қағиданы қатаң ұстанған марқұм Жолан Омаров мемлекеттік қызметшілердің имиджін қалыптастырып кетті десек қате айтқандығымыз емес. Қоғамдағы қандай да бір келеңсіздіктерді көрсе қамқорлық танытып, сол мәселе шешілмейінше байыз таппайтын жанашыр жан, ақылшы аға, адал дос бола білген Жолан Ыбырайахынұлы тіл мәселесінде де өте талапшыл болды. Ана тілімізді алдыңғы орынға қойып, қызғыштай қорып, мәртебесін көтерді. Ал қызмет барысында өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, өзгелерден де соны талап ететіні, ісіне адал да әділ басшының атқарған жұмыстары да тайға таңба басқандай болып көрінетіні де қызметіне деген мол жауапкершіліктің, темірдей тәртіптің айқын көрінісі.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен 23 маусым ҚР мемлекеттік қызметшілер күніне орай Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Жолан Омаров атындағы «Халқымның бағы – өз бағым» атты мемлекеттік қызметшілер арасында байқау болып өтті. Бөлім басшысы Фарида Бегенбаеваның ұсынысының негізінде өткен аталмыш байқаудың мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру, мемлекеттік тіліміздің маңыздылығын арттыру және өз қызметін адал да әділ атқаруға кейінгі жас ұрпақты баулу болатын.
Үш кезеңнен тұратын байқауға аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметшілерінен құралған 5 топ қатысып, өз бақтарын сынады. Байқауға қатысушылар «Амандасу салтымыз» деп аталатын бірінші кезеңде өздерін таныстырса, «Ой дода» тақырыбында экраннан көрсетілген суретке қатысты сұрақтарға жауап беру арқылы екінші кезеңді аяқтады. Ал «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» деп аталатын үшінші кезеңде ҚР Заңына сәйкес және ситуациялық екі сұраққа жауап беріп, білім деңгейлерін көрсетті.
Байқауда әр қатысушының сөйлеу мәнерін, білімін, қызметтік қабілетін бақылаған қазылар қатарында қоғамдық Кеңес төрағасы Ж.Еңкебайұлы, аудан әкімінің орынбасары А. Әшімахұнұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Рақымбердіұлы, ақын, сазгер, «Білім саласының үздігі» К.Тәлімұлы, облыстық мәслихат депутаты С.Нұрғайыпұлы болды.
Әділ қазылардың бағалауынша бес топтың арасынан озық шығып, бірінші орыннан көрінген Бесағаш пен Гүлдала ауылдық округтері қызметшілерінен құралған «Алтын қыран» құрама командасы болды. Ал екінші орын Талғар аудандық әкім аппаратының қызметкерлерінен құралған «Талғар» командасына бұйырса, үшінді орынды «Кеңдала» командасы иеленді.
Бұндай байқау ауданымызда алғашқы рет өткізіліп отырғандықтан, қатысушыларға қойылған талаптар да қатаң болмады. Бақтарын сынаған қызметкерлерге жақында жарық көрген «Жолан жұлдызы» кітабы тарту етілді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева: «Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, талаптары мен байқау шарттары да күрделене түседі. Нағыз мемлекеттік қызметкердің бейнесін қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек етеміз», — деп қатысушыларға алғысын білдірді.
Байқау жеңімпаздарын мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен салтанатты жиында аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы марапаттады. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған сыйлықтар табыс етілді. Атап айтқанда, бірінші орыннан көрінген «Алтын қыран» құрама командасына I дәрежелі дипломмен қатар 50000 теңгелік, екінші орындағы «Талғар» командасына II дәрежелі дипломмен 40000 теңгелік, ал үшінші орындағы «Кеңдала» тобына III дәрежелі дипломмен 30000 теңгелік сертификат табыс етілді. Ал «Бастау» мен «Алатау» командаларына 15000 теңгеден ынталандыру сыйлығы беріліп, құрмет көрсетілді.
«Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» демекші халық пен биліктің арасын байланыстыратын мемлекеттік қызметшіге жүктелген міндет зор, қойылар талап қатал. Халыққа қызмет ету жолындағы адал еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»