Терроризм – адамзаттың қасіреті

Терроризм – адамзаттың  қасіреті

«…Таза жолдан тайқамай,тура жолмен кет, халық», – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, Талғар аудандық кітапханасында жаһандық алапат дертке айналып бара жатқан діни экстремизге қарсы күреске бағытталған «Терроризм – адамзаттың қасіреті» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Шараға «Нұр-Мүбәрәк» ЕИМ университетінің магистр исламтанушы Қамысбек Ұларбек, дінтанушы Бейбіт Смаханов, жастар ресурс­тық орталығының жастары, студенттер, кітапханашылар қатысты.

Жиынның мақсаты – терроризм туралы терең түсінік беру, себептері мен зардаптарын ұғындыру, жасөспірімге қоғамның әлеу­меттік, құқықтық, діни сипаттарын ұғындыра отырып, оларды террорлық, лаңкестік және діни экстремистік бағытта арандатуға жол бермеу, жасөспірімдерге бейбітшіліктің маңызын және мейірімділік пен ізгіліктің, адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін ұғындыру.

Кеш қонақтары исламтанушы Қамысбек Ұларбек, дінтанушы Бейбіт Смаханов дін туралы ойларын айтып, жастарымызға ақыл-кеңестерін айтты. Және ғаламтордағы бейнематериалдардан жастардың бойындағы діни агрессия, ойланбастан қан төгуге, тіпті өзінің өмірін қиып жіберуге дайын тұрған жастардың ісін дұрыс еместігін түсіндірді. Жастар да белсенділік танытып, сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» дегендей, жастардың, өскелең ұрпақтың иманды, парасатты болып тәрбиеленуі және діни салаға бет бұрған азаматтарымыздың білімді болуының еліміздің тәуелсіздігінің баянды болуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны ерекше екендігін назарда ұстап, әрбір маман өз саласында пайдалы болуға талпынуы қажет.

Сәуле Өскенбайқызы,
Талғар аудандық кітапханасының библиогрофы