Кең байтақ Отанымызда бір шаңырақ астында тұрып жатқан әрбір қазақстандық мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алса – бүкіл әлемге қазақ тілінің кең құлашты әлеуетін таныта алғанымыз болар еді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ішіндегі қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін арттыруға бағытталған жобалардың түп мақсаты да осында жатыр. Қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты байқаудың басты ұстанымы да біз сөз еткен бағыттан ауытқыған емес.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараның жуырда жеңімпаздары марапатталды. Екі кезең бойынша сынға түскен 21-35 жас аралығындағы қатысушылардың алғашқы сында алдын ала жіберілген өзі туралы 3 минуттан аспайтын мемлекеттік тілдегі бейнематериалдары қаралды. Онлайн режимде өткен екінші кезеңде берілген тақырыпта ой толғап және мақалдың мазмұнын ашуға тырысты. Үміткерлердің тілді меңгеру деңгейін, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалайтын қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Панфилов ауданынан келген қатысушы иеленсе, екінші орынды ауданымыздың намысын қорғаған Зайтуням Рашитова жеңіп алды. № 31 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілдерінің мұғалімі Зайтуням Пидажанқызы өзі өмір сүріп жатқан елдің тілін меңгеруін болашағы үшін маңызды қадам деп бағалайды және замандастарын қазақ тілін қолдауға шақырады.
Меруерт Бөлек,
«Талғар»