Әлемге әйгілі қыл қалам шебері, ұлы жазушы Э.Хеменгуэй қанды қыздырып, жүректерді тулататын спорт ойындары туралы: «Спорт – тек жеңуді ғана емес, сәтсіздіктің ащы дәмін татуды үйретеді» — деп пікір айтқан еді. Осы Талғар топырағында да өзі сүйген спорт түрінен биік белестерді бағындырып, аудан намысын биікте шарықтатып жүрген апай төс, атан жілікті, бұла күші бойына сыймаған спорт тарландары аз емес. Соның бірі – Талғар аудандық Жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, білектесу спортынан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер» — Евгений Викторұлы Гетало есімді жігіт.
Осы Талғар қаласында туып-өсіп, қаладағы №6 орта мектепте білім алған Евгений жас кезінен футбол, баскетбол, зілтемір, гір тасын көтеруге құштар болып өсіпті. Бойы – 181 сантиметр, салмағы 90 келі тартатын Евгений 7-8 сыныптан бастап білектесу спортына ден қойды. Оны білікті бапкер, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы», əлем, Европа, Азия чемпионы – Сергей Иванұлы Михайлов республикалық жарыстарға апарып, шыңдай бастады. Дене
күші қуатты, қолдарындағы сіңірлі бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған Евгений жастар арасындағы Азия, əлем біріншіліктерінде топ жарды. Самдағай қимылды, сойқан жігіт 2010-2017 жылдары Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан мемлекеттерінде өткен əлем чемпионаттарында сан мəрте күміс, қола жүлдегер атанды. Ол ересектер арасында Азия құрлығының 11-дүркін чемпионы атанса, 9-дүркін Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Азия кубогының иегері атанды. «Ат тұяғынтай басар» дегендей, оның ізін қуған 1983 жылы туған інісі, əлем, Азия
чемпионы, халықаралық дəрежедегі спорт шебері, сайыпқыран спортшы – Сергей Гетало мен 1987 жылы туған бауыры Александр Гетало да білектесу спортының хас шеберлері. Спорт мектебінде шəкірт дайындап жүрген 30-жасар Александр бұл күндері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері атанған спортшы. Алмас қылыштай жарқылдаған, қырық жастағы Евгений де, отыз төрт жасқа келіп, кемеліне енді толған Сергей де, орда бұзар – отыз жастағы Александр да шəкірт дайындаумен қатар, өздері де спорттан қол үзбей Азия, əлем чемпионаттарында бақтарын сынап,
алтын, күміс, қола жүлделерді Талғар топырағына əкеліп жүр. Мұхаммед Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Адамның жақсысы – өзгелерге пайдасы тигені» — деп өте бір ғибратты пікір айтқан екен. Сол айтпақшы, спорт деген құдіретті өнерді пір тұтып, Азия, əлем чемпионаттарында топ жарып, сол өздері сүйген спорт өнерін кейінгі ұрпаққа үйретіп, жас ұрпақты салауатты өмір сүруге бағыттап жүрген Евгений, Сергей, Александр Геталолар аудан спортының мақтаныштары. «Биіктерден көріне беріңдер, ағайынды Геталолар!» — дейміз біз де.
Қазыбек ӘБІЛҚАЙЫР