Мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын алайда денсаулық немесе отбасы жағдайына байланысты әскерге шақырудан кейінге қалдыру немесе босату Қазақстан Республикасының 2013 жыл 15 сәуірдегі «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған заң негізінде 2020 жылдың 5 қарашасында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы № 605 бұйрығы әзірленді.
Бұйрық жобасы азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету ретін регламенттеуге, сондай-ақ www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы олардың әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе әскери қызметтен босату құқығын пайдалану үшін өтініш беруіне мүмкіндік береді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталының «Е-лицензиялау» қосымша сервисі арқылы өтініш қалдыра аласыз. Шақырылушының өтініші бойынша кейінге қалдыру немесе босату Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 35 бабына сәйкес аудандық әскерге шақыру комиссиясының шешімімен беріледі.
Электронды түрде берілген өтінішті қарау мерзімі 5 жұмыс күн.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе шақырудан босатуға www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы өтініш беру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы болып саналады.
Әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату үшін белгілі бір қаражат көлеміне қарай көмектесемін деген алаяқтарға алданып қалмауларыңызды сұраймыз. Егер де сіздің қалдырған өтінішіңіз және жинаған құжаттарыңыз заңнама тізбесінде көрсетілген талаптарға сәйкес болса, сізге ешкімнің араласуынсыз-ақ заң шеңберінде берілетін болады.
Сондықтан заманға сәйкес әрекет етіп, «электронды үкімет» веб-порталы арқылы өтініш беріп, өз құқықтарыңызды пайдаланыңыздар. Бұл сіздің уақытыңызды үнемдейді және алаяқтардың құрбаны болудан сақтайды.
Жасақтау бөлімшесі бастығы
капитан М.Тұрғанбаев