Аналар құрметіне арналды

Аналар құрметіне арналды
Құс қанатымен ілесе келген көктем мерекесі — 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, 5 наурыз күні аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтың мерекелік қабылдауы болып өтті. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ұйымдастырылған мерекелік шараға ақ жаулықты аналар, білім, денсаулық, спорт және мәдениет саласының үздіктері, этномәдени орталықтардың мүшелері, журналистер мен құқық қорғау саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, кәсіпкерлер секілді әр түрлі салада еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген отызға жуық нәзік жандылар жиналды. Қуаныш иелерін мерекемен құттықтаған аудан басшысы Қ.Әбдіханов қоғамдағы аналардың рөлі жайында өрелі ойын ортаға салып, ізгі тілегін жеткізді.

– Жер-дүниенің жаңаруын, мейірім мен шуағын төккен жылу мен сұлулық сыйлайтын жарқын мерекеде өздеріңізбен жүздескеніме өте қуаныштымын. «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген» аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айырықша күшке ие. Бұл күн ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны. Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді десек, жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый құрмет көрсету парызымыз, — дей келе аудан басшысы мерекелік қабылдауға қатысқан барша аналарға гүл шоқтарын ұсынып, сый-сияпат көрсетті. Сонымен қатар бұл күнгі салтанатты шарада аудан басшысының «Алғыс хатымен» «Айгүл би» ансамблінің жетекшісі Айгүл Андасбаева, көпбалалы ана, Бесағаш ауылдық дәрігерлік амбулаториясында дәрігер-терапевт болып 37 жыл қызмет жасаған Бриллиант Абдраимова, Талғар аудандық балалар музыка мектебінің мұғалімі Гаухар Асқарбекова, аудандық орталық емхананың дәрігер-эксперті Кукенқызы Шолпан, жеке кәсіпкер Эль­ми­ра Садыкова, Қызыл-Қайрат ауылы әйелдері кеңесінің мүшесі Батымхан Тазабекова және аудандық «Талғар» газетінен мен де марапатқа ие болдым. Нәзік жандыларды аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов та құттықтап, ақжарма тілегін ақтарды.
Өз кезегінде ақ жаулықты аналар атынан сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Мәриям Сихимбаева, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметтер атқарған ардагер ана Ханымжан Шот­бае­ва көрсетілген сый-құрметке риза­шылық­тарын білдіре келе, жаңа тағайын­далған әкімнің жұмысына сәттілік тіледі. Салтанатты шара «Алатау аясында» халық­тық ансамблінің, аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының әзірлеген шағын концерттік бағдарламасына ұласып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кездесу соңында қуаныш иелері аудан әкімімен естелік суретке түсіп, тарқасты.
Райхан Азимова,
«Талғар»