Саналы ұрпақ — ел болашағы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деп атап көрсеткендей, әрбір жастың санасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» қағидаттарын қалыптастырудың маңызы зор. Сондай-ақ, жастар сыбайлас жемқорлық қоғамның, еліміздің дамуына қауіпті індет екендігін сезіне білуі тиіс.
Жас ұрпақтың құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, олардың бойына Отансүйгіштік сезімін сіңіру білім беру мекемелерінен бастау алады.
«Талғар медициналық колледжі» мекемесі бойынша сыбайлас жемқорлық жағдайларының алдын алуға бағытталған «Саналы ұрпақ» клубы құрылған. Жоспар бойынша клуб мүшелері білім алушылар арасында әртүрлі шаралар өткізеді.
Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған видеороликтер, сурет байқауы, эссе жазу жұмыстары ұйымдастырылды.
Білім алушылар арасында «Таза сессия», «Абыройлы ұстаз» акцияларының бағыттарын түсіндіру бойынша колледж әкімшілігі мен оқытушылардың қатысуымен жиын өткізіліп, сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтау бойынша сауалнамалар алынды.
Көп жағдайда сыбайлас жемқорлық жасау фактілері құқықтық білімнің жеткіліксіздігінен орын алады.Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында жастардың құқықтық мәдениетін арттыру шаралары жүргізілуде.
«Адамдарды еңбек етуге үйретіп, білім беру керек, алайда осының бәрі адам бойындағы жаман қасиеттерден арылуға көмектесе алмайды. Адамды тәрбиелеу барысында «ар ғылымын» міндетті түрде енгізу қажет» — деп Ш.Құдайбердіұлы айтқандай, еліміздің болашағы жастарға сапалы білім берумен қатар, олардың бойына адами құндылықтарды, адалдық, әділдік қасиеттерін дарыту, қоғамда кездесетін кез-келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға тәрбиелеу біздің азаматтық парызымыз.
Р.Мыңбаев
«Талғар медициналық колледжі»
мекемесі директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары