Алматы облысында жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 5 трлн. теңгеге жеткізу межеленіп отыр

Алматы облысында жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 5 трлн. теңгеге жеткізу межеленіп отыр

Алматы облысында экономиканың тұрақты дамуын жыл сайын орта есеппен 4%-ке қамтамасыз ету шаралары көзделіп отыр. Сөйтіп жалпы өңірлік өнімді 2025 жылға қарай 5 трлн. теңгеге жетпек. Облыстық мәслихаттың жаңадан сайланған депутаттары бүгін 1-ші сессияда осы және өзге де мақсат-міндеттер белгіленген өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын бірауыздан қолдады, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сессия барысында аймақтың бес жылға арналған даму бағдарламасы жайлы облыс әкімінің орынбасары Ж. Тұяқов баяндады. Оның айтуынша, өңір экономикасын көтеру – Бағдарламаның бірінші және негізгі бағыты. Ол үшін өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсаты алға қойылған. Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфеліне 5,4 трлн. теңгеге 546 жоба енгізілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 2021-2025 жылдары төрт жарым мың жұмыс орнын құра отырып, инвестициялар көлемі 690 млрд.теңге болатын 37 жоба іске асырылады. Олардың арасында Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын Іле ауданында ұсақ малды терең өңдейтін «Жетісу қой», Қапшағай қаласында ірі қара мал етін өңдейтін «Тайсон фудс», Кербұлақ және Ұйғыр аудандарында «Прима құс», «Кәусарагро» құс фабрикалары, Еңбекшіқазақ ауданында «Жетісу вольфрамы» кен өңдеу зауыты, Сарқан ауданында «Kunkuat» жел электр станциясының құрылысы сияқты жобалар бар. Соның нәтижесінде шикізаттық емес экспорт көлемі жыл сайын 8%-ке, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 6%-ке артады.
Ж. Тұяқовтың айтуынша, ауыл шаруашылығында басымды дақылдар егістігінің көлемі ұлғайтылады. Он үш ауданда 30 мал бордақылау алаңы мен 22 сүт-тауарлы фермасын құру жоспарланып отыр. Осының бәрі 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 1,3 трлн. теңгеге, еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, 6 млн. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді.
Облыста шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 38%-ке дейін жеткізу жоспарлануда. Ол үшін «Бизнестің жол картасы» аясында жыл сайын 265 кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3 мыңнан астам адам шағын несиелер мен гранттар алатын болады.
Өңір экономикасындағы локомотивтердің бірі ретінде туризмге де Бағдарламада зор мән берілген. Қолдау шараларының арқасында туристік ағын 2025 жылға қарай 3,5 млн. адамға жетеді, бұл бюджеттің кіріс бөлігіне қомақты үлес қосатын болады.
Атап өтсек, Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 трлн. теңге қарастырылған, оның 2 трлн. 300 млрд. теңгесі – бюджеттік, 1 трлн. 200 млрд. теңгесі — жеке қаражат.

Талғар-ақпарат