Алматы облысында «Бұқаралық спорт түрі» федерациялары құрылады
Бүгінгі қазақстандық қоғамда бұқаралық спортты дамыту – төтенше маңызға ие көкейкесті мәселе. Сондықтан, салауатты өмір салтын мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде жаппай насихаттау алға қойған стратегиялық мақсаттарымызға жету жолындағы басым бағыттардың бірі саналуы тиіс.
2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауының 64-тармағын орындау шеңберінде Алматы облысында спорт және мәдениет саласында ауқымды жастар жобасына көңіл бөлінуде. Бұл мақсатта, облыстың 20 аудан-қаласында «Бұқаралық спорт түрі» (футбол, волейбол, баскетбол және шахмат бойынша) федерациялары құрылмақ.
«Алматы облысында 392 855 жас бар. Оның 312 668 ауыл-аймақтардан. Бүгінде облысымызда «бұқаралық спортты» дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл мақсатта Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен «Бұқаралық спорт түрінен Жетісу әуесқойлар лигасы» құрылып, аталмыш жоба бастау алды. Осылайша, «дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға» арналған кешенді жоспары аясында, 70 мың жастар мен жасөспірімдерді қамту жоспарланып отыр»,-дейді Жастар саясаты мәселері басқармасының басшысы Елдар Сапаров.
Бұқаралық спорт түрлері бойынша қатысушылар жас ерекшеліктеріне байланысты 3 топқа бөлінеді:
-
10-13 жас аралығындағы
-
14-17 жас аралығындағы
-
18-35 жас аралығы.
Төрешілер және жаттықтырушылармен тығыз жұмыс жасай отырып, біліктіліктерін арттыру мақсатында әр аудандағы лига президентінің лауазымына іріктеу жүргізіледі. Яғни, 253 ауылдық округтердің әрқайсында және аудандық деңгейде 4 спорт түрінен де федерация жетекшісі тағайындалып, командалар құрылатын болады. Сондай-ақ, барлық қатысушы жастарға әр спорт түрін қамтып, 5 мыңнан астам доп, 20 мың арнайы формалар таратылатын болады. Жобаға арнайы білікті төрешілер тартылады. Ойын барысын қадағалап отыру үшін арнайы сайт жасалып, барлық көрсеткіштер онлайн турнирлік кестеде көрсетілетін болады. Сондай-ақ, өткен ойынның бейнеролигі үнемі сайтқа және youtube желісіне жүктеліп отырады.
Қазіргі таңда біз аталған жоба бойынша байқау жарияладық. Сол себепті, бірге жұмыс істеуге ынта-ықыласы бар спортсүйер жастарды атсалысуға шақырамыз. Толық ақпаратты өз өңіріңіздегі аудандық/қалалық жастар ресурстық орталығынан немесе ауылдық округтегі жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылардан ала аласыздар.
«JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңы