Алматы облысында бұқаралық спорт насихатталуда
Алматы облысында Елбасы мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің сөзінше, өңірде Панфилов, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кеген, Жамбыл және Талғар аудандарында соңғы жылдары 9 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. «Тәуелсіздікке тарту» акциясы аясында тағы 3 нысан желтоқсан айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Өңірде бұқаралық спортты дамыту бойынша «2021-2025» бағдарламасы әзірленуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін облыстың 20 ауданы-қалаларында футбол, волейбол, баскетбол және т.б. спорт түрлері бойынша «Жетісу әуесқой лигасы» бұқаралық спорт федерацияларын құру көзделген. Жоғарыда айтылғандардан басқа, қосымша 7 ДСК келесі жылдың соңына дейін тапсырылады. Бүгінгі күні объектілердің ЖСҚ дайын және бекітуді күтуде. Барлығы 20 кешен 2022 жылға дейін пайдалануға беріледі»,- деді Рустам Әли. Айта кету керек, дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Жетісу өңірінде 3702 спорт ғимараты, оның ішінде 808 дене шынықтыру-спорт нысаны, 2652 білім беру мекемесі және 242 спорт мектебі жұмыс істейді.
Талғар-ақпарат