Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы 10 аудандық, 2 қалалық және 24 оқу орындарындағы комитеттер мен 516 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі болды.
Жалпы аумақтық кәсіподақ комитетінің жұмысында кәсіподақ ұйымының мүшелік базасын нығайту басты мәселе. Статистикалық есептіліктің қорытындысы мен кәсіподақ мүшелерінің санын көбейту жөніндегі жұмыс жағдайы алқалы органдардың отырыстарында тұрақты қаралады. Соңғы 2 жылда облыстық кәсіподақ ұйымының мүшелері 1156 адамға көбейіп, қазіргі таңда 33 431 кәсіподақ мүшесін құрап отырғаны айтылды.
Сонымен қатар, ұстаздар қауымы жайлы да Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы сөз қозғады:
— Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаздар. Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шеберлері кәсіби ұстаздар жетерлік. Солардың кәсіби мерекелеріне орай осы ұйымдастырылған брифинг баршамыздың мұғалімдерімізді ұмытпауға шақырады. Оларға аздаған көңіл бөлуіміз, елеп-ескеруіміз игі іс деп білемін. Осымен бірге ұстаздық қызметтің маңызын арттыру, олардың болашығымыз үшін істеп жатқан жұмысын қадірлеу басты мақсаттарымыздың бірі.
Баспасөз соңында спикер білім қызметкерлері кәсіптік одағының үндеуін оқыды.