Бүгін Қапшағай өңірінде COVID-19 індетін жұқтырған 13 адам тіркелді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Олардың 5-еуі Қапшағай қаласында, 6-ы Заречный ауылында анықталса, 2-еуі – Атыраудан жеткізілген «Теңізшевройл» ЖШС-ның вахталық жұмысшысы. Ауырғандардың үлкені 1958 жылы туған азамат болса, кішісі — 9 айлық бала.
Бүгінгі күнге Қапшағай өңірінде жалпы саны 15 адам тіркеліп отыр. Осыған байланысты Қапшағай қалалық штабтың шешімімен Заречный кентіне бүгіннен бастап карантин енгізілді. Анықталған науқастардың барлығы тиісті ем алу үшін медицина мамандарының бақылауына алынды.
Қазіргі кезде олармен байланыста болған 187 адам анықталды, оның 24-і – жақын байланыста болғандар, 163-і – сыртта қарым-қатынаста болғандар. Олар қазір оқшауландырылып, оларға эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде.
Талғар-ақпарат