Коронавирусқа байланысты хоккейден әлемдік 6 чемпионат өтпейтін болды

Коронавирусқа байланысты хоккейден әлемдік 6 чемпионат өтпейтін болды

Халықаралық хоккей федерациясы коронавирустың таралуына байланысты наурыз айындағы 6 халықаралық турнирдің өтпейтінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Ерлер арасында U-18 жасөспірімдер әлем чемпионатының екінші дивизиондағы А тобында (22-28 наурызда Таллинде жоспарланған) және В тобында (23-29 наурыз Софияда), сондай-ақ үшінші дивизиондағы А тобында (16-22 наурыз Ыстанбұлда) және В тобында (29 наурыздан 4 сәуірге дейін Люксембургтің Коккельшойерінде) ойындар өтпейтін болды.

Әйелдер арасында әлем чемпионатының бірінші дивизиондағы В тобында (28 наурыздан 3 сәуірге дейін Польшаның Катовица қаласы) және екінші дивизиондағы А тобында (29 наурыздан 3 сәуірге дейін Испанияның Хаке қаласын) жарыстар тоқтатылды.

Бұдан бөлек, хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Польшаның Катовица қаласындағы әлем чемпионатына (29 наурыз – 3 сәуір) қатысуы тиіс еді. Алайда, Халықаралық хоккей федерациясының медицина комитеті сенбі, 1 наурыз күні Будапеште өткізген отырыс барысында бұл турнирді кейінге шегеру ұсынысын жасады.

«Медицина комитетіне ұсыныс жасағаны үшін алғыс айтқым келеді, сондай-ақ Кеңес мүшелеріне осындай қиын кезеңде ұсынысты қолдағаны үшін ықыласымды білдіремін. Біз күн сайын елдердегі жағдайды бақылап отырамыз», — деді ХХФ президенті Рене Фазель.

Айта кетейік, 2020 жылы Әйелдер арасында өтетін шайбалы хоккейден әлем чемпионатының және 2020 жылдың сәуір және мамырына жоспарланған басқа да чемпионаттардың кестесіне өзгеріс енгізілген жоқ.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті коронавирусқа байланысты отандық спортшылар үшін ахуалдық штаб құрған болатын.

Талғар-ақпарат