Жас ақындар іріктелді

Жас ақындар іріктелді

Айтыс өнері – ғасырлармен қанаттасып, дәуірлермен үндесіп, заманамен тілдесіп келе жатқан қазақ әдебиетінің жарқын мұрасы. Түркі жұртының, төл өнері болып табылатын сөз сайысы ұлтымыздың біртұтастығы мен саяси өміріне де зор ықпал етеді. Ертеден қалыптасқан жыр жарысы ұрпақтан ұрпаққа сан ғасырлар бойы аманат ретінде ұласып, ұлттық болмысты жоғалтпай, өзгелерден ерекшелеп келеді. Бізде өз кезегімізде бұл құндылықтарды қастерлеп, келер ұрпаққа осы күйінде жеткізуіміз керек. Суырып салма ақындар мен көркем сөз шеберлерінің жыр жарысының тәрбиелік мәні өте зор. Сондықтан облысымызда айтыс өнеріне ерекше көңіл бөлініп, ақындарға қолдау көрсетіп, олардың суырыпсалмалық қабілетін ашып, айтыс өнерін насихаттау мақсатында айтыскер ақындар мектебі ашылмақшы. Осы орайда арнайы құрылған әділқазылар тобы облысымызды аралап, жас ақындар айтысын ұйымдастырып, іріктеу жүргізуде.

Жуырда Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған облыстық жас ақындар айтысының іріктеу кезеңі өтті. Бұл жыр додасы Жетісудағы жыраулардың көш басында тұрған Қабан жырау, айтыстың алтын діңгегі атанған Сүйінбай, Жамбыл, Қалқа сынды көптеген айтыс саңлақтарының сара жолын жалғастырған жас толқындарға қоғамдағы құбылыстарға аса мән беріп, бүгінгі жас өрендерге халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін паш ету, мемлекеттік тілді айшықтау, айтыс барысында көркем сөз, шұрайлы тілдің мәйегін көрсету және ауыз әдебиетінің жанрын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жыр жарысына көршілес Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандары мен талғарлық ақындар қатысты. Айтысқа қатысқан жас ақындардың арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын анықтап, төрелігін айтатын әділқазылар алқасының құрамында айтыскер, ақын, бірнеше республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы, республикалық «Алатау» газетінің редакторы Айтақын Бұлғақов, ақын, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының директоры Серік Қалиев пен жергілікті ақын, сазгер, аудандық тілді оқыту орталығының жетекшісі Кәмнұр Тәлімұлы болды.

Әділқазылар алқасына кіл жүйріктен кім жүйрікті анықтау оңайға соқпады. Өйткені жыр додасына түскен жиырмаға жуық ақынның арасында жүйріктігі мен сөз саптауы шебер жастар көп болды. Бүгінгі айтыстың дүлділдеріне ұқсап баққан жас буын түрлі мақамға салып, барыншы қазылар алқасының назарына ілінуге тырысты. Дегенмен әділқазылар алқасының қатал сараптауынан сүрінбей өткен талғарлық ақындар Мейрамбек Рысбақов, Серік Ажыбайұлы, Абитилда Нұрислам, Айбек Бестенқұлов, Қуаныш Әлімберді, қарасайлық Алтынбек Ибрагимов, Қуандық Кургенов, Қуандық Әсеновтер, Жамбыл ауданынан Қаныбек Мұсахан, Еңбекшіқазақ ауданынан Есендос Асубай облыстық ақындар айтысына жолдама алды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар».