Қазандықтар іске қосылды
Ауданымызда тағы бір жағымды жаңалық. Қаламыздағы «Автобаза» ықшамауданына қарасты Руставелли көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласына қойылған №1 модульді жылыту қазандығы іске қосылып, тұрғындар орталықтандырылған жылыту жүйесі арқылы жылы пәтерде отыратын болды.
Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде орталықтандырылған жылыту жүйесін ұстап тұру мүмкін болмағаны баршаға белгілі. Сол кездерден бері қаламызда жылыту жүйесі жұмыс істемеген болатын. Көпқабатты тұрғын үй иелерінің бірі үйін көмірмен жылытса, енді бірі электр энергиясы арқылы жылытып келді. Әр үйдің терезесі мен болконынан қылтиған құбырлардан будақтаған түтін экологияға зиын келтіріп, қаламыздың сұрқын бұзғаны да рас. 2014 жылдан бастап ауданымызға көгілдір отын келе бастаған еді. Елді мекендерді газдандыру жүйесі қолға алынып, ең алдымен әлеуметтік нысандар газға қосылды. Кейбір көпқабатты үйлер өздерінің күшімен газ тартып, орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылып алды. Ал өткен жылы облыс әкімі Амандық Баталовтың жеке қолдауымен жаңа жоба қолға алынып, қаламыздағы «Бозторғай» және «Мелиоратор» ықшамаудандарынан алты үйге жылыту жүйесі тартылған болатын. Ауданымызға инвесторлар тартып, жаңа модульді жылыту қазандықтарын қойып, 106 отбасы көгілдір отынның қызығын көрген-ді. Енді міне, сол игі бастама жалғасын тауып, биылғы жылы қаламыздағы бірқатар көпқабатты үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды.
Жиылған көпшілік алдында сөз алып, ақжарма тілегін ақтарған аудан басшысы Жолан Омаров аудан бойынша 252 көпқабатты үйлер болса, соның 164 –і Талғар қаласында екенін айтып, орталықтандырылған жылыту жүйесін іске қайта қосу үшін арнайы комиссия құрылып, мердігерлер анықталып, жұмыс жүйелі болу үшін тұрғындармен арнайы кездесулер ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Жылыту жүйелерін жүргізу үшін көп қабатты үйлердің кооперативтері қайта жасақталып, үйлердің жертөлелері жөнге келтіріліп, көптеген техникалық жұмыстар жүрігізілген. 2018 жылы «Буран Бойлер» ЖШС-і құрастырған 6 блок-модульді қазандық «Асыл-Тау» ЖШС-і тарапынан қаламыздағы «Мелиоратор» және «Бозторғай» ықшамаудандарына орнатылып, іске қосылған-ды. Нәтижесінде 523 пәтерлі 23 көпқабатты үйге жылу берілген еді. Аталған жұмыстарға 472 млн.теңге қаржы жұмсалған болатын. Ал биылғы жылдың басында қаламыздың бірқатар аудандарына құны 520 млн 599 мың теңге болатын 15 блокты-модульді қазандықтар салынып, «Orkeniet Constraction» ЖШС-і 3319 пәтерлі 106 үйге жылыту жүйесін жүргізген. Солардың бірі бұл күнгі іске қосылып жатқан №1 блокты-модульды қазандық екенін айтқан аудан әкімі тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, ынтымақ пен бірлікке шақырды. Алдағы күндері қаламызды гүлдендіріп, ел тұрмысын жақсату үшін жасалатын игі істермен бөлісті. Ауданданды жылу, ауыз су, газбен қамту, су тасқынының алдын алу, әсіресе, әлеуметтік және жер мәселелеріне көп көңіл бөлінетінін айтып, келесі жылы қала бойынша 63 аула абаттандырылып, түрлі спорт алаңдары мен демалыс орындары салынатынын, жаяу жүргіншілер жолдары жасалып, жарықтандырылатынын тілге тиек етті. Аудандағы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған көп қабатты үйлерді жылу жүйесіне қосу ісі қарқынды жалғасын табатыына сендірді. Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қ.Байболов тұрғындарды қуанышымен құттықтаса, тұрғындар атынан Ольга Мамбеева, Бақытгүл Изинжанова, Нұрихан Ташкеевалар осындай игілікті істі атқарған облыс, аудан, қала басшыларына алғыстарын жаудырды. «Orkeniet Constraction» ЖШС-інің өкілі Дулат Шакеров болса жұмыс барысында жылы қабақ танытып, қолдау көрсеткен қала тұрғындарына ризашылығын білдірді.
Перизат Нұрқаева
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ