Баспаналы болу – бір бақыт

Баспаналы болу – бір бақыт
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ел еңсесі көтеріліп, экономикамыздың қарыштап дамуының арқасында баспана қажеттілігі туындаған және әлеуметтік аз қамтылған халықты лайықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолдары ашылуда. Мемлекет басшылары тұрғын үй құрылысын дамыту саясатын қарқынды жүргізіп келеді. Билік тарапынан күрмеулі мәселенің түйінін тарқатар түрлі мемлекеттік бағдарламалар жасалып та жатыр. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, «Нұрлы Жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы тұрғын үй инфрақұрылымын дамы­ту ел азаматтарын тұрғын үймен қам­тамасыз етудің негізгі өзегі­не айналды.

Адам өмірінде ең керекті нәрсенің бірі – баспана. Баспана мәселесі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Дана халқымыз: «үйің болмай – күйің болмас» деп бекер айтпаған. «Өз үйім-кең сарайдай боз үйім» дегеді де біздің халық айтқан. Баспаған ие болу әрбір адамның асқақ арманы. Кімде болса шаңырағы биік, іргесі берік өз үйі болғанын қалайды емес пе?! Жаңа жыл қарсаңында қолдарына пәтер кілттерін ұстаған жандардың барлығы дерлік көпбалалы отбасылар. Қаламыздағы Т.Бокин көшесіндегі №9 үйдің ауласына жиналған халықтың қуанышында шек жоқ. Көңілді музыка шарықтай шырқалып, көпшіліктің толқынысын еселегендей. Аудан әкімі Жолан Омаров бастап, ауданымызға сыйлы азаматтар мен түрлі сала қызметкерлері де жиналды. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Жолан Ыбырайақынұлы алып, қуаныштарымен бөлісті.

—  Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан халықты қолжетімді баспанамен қамтуға ерекше мән беріліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру», дей келе, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажеттігін басып айтқан еді. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан «Нұрлы жер», «7-20-25» және «Бақытты отбасы» сияқты тиімді бағдарламалар қабылданды. Мемлекет басшысының халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Талғар өңірінде бүгін, тұрғын үйге мұқтаж, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларына екінші сатыдағы тұрғын үй және пәтер сатып алу жұмыстарына ағымдағы жылы – 243,9 млн.теңге қаражат бөлініп, 20 тұрғын үй сатып алынды. Оның он алтысы жер үй, төртеуі көпқабатты пәтер,- деген аудан басшысы бұл күнгі табысталатын тұрғын үйлер Талғар қаласы мен Кеңдала, Талдыбұлақ, Рысқұлов ауылдарынан сатып алынғанын тілге тиек етті.  Сөз соңында ұзақ жылдар бойы үй кезегінде тұрған көп балалы, тұрмысы төмен 20 отбасыға салтанатты түрде пәтер кілттерін табыс етті. аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған әлі 846 көпбалалы отбасы барын айтып, бүгінгі таңда қаламызда 340 пәсерлі алты тұрғын үй бой көтеріп жатқанын алға тартып, болашақта ол үйлерде жалға беру және несиелік жолмен кезектегі азаматтарға үлестірілетіндігін айтты. Содан кейін пәтерлі болған отбасылар атынан көпбалалы ана Ләззәт Әділбекова сөз алып, қаншама отбасына баспаналы болу бақытын сыйлап жатқан облыс, аудан басшыларына алғысын жаудырып, қуанышымен бөлісті. Қарабай ақсақал ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелеріміз тәттіден шашу шашқан соң, жиылған қауым Ләззәт Әділбекованың  пәтеріне құтты болсын айтып, дастарынан дәм татты.

Дәл осындай қуанышқа Айгерім Қағазбаеваның отбасы да кенелді.  Қаламыздағы Әубәкіров көшесінен еңселі үйге ие болған көпбалалы отбасының қуанышы шексіз. Бұған дейін талай тағдыр тауқыметін тартып, төрт баламен баспананың азабын әбден шеккен  жандарды аудан әкімі өзі құттықтап барды. Отбасының тұрмысымен танысып, емен-жарқын әңгіме құрып, балаларға арнайы алып барған теледидарды сыйға тартты. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Қалимолда Байболов пен аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Матан Бекбосынов та қуанышқа ортақтасып,  жас отбасына ақ батасын берді. «Өз үйім – өлең төсегім» деген осыан болар. Қашанда халық қамын ойлайтын арда азаматтардың осы бағыттағы игі істері әлі де жалғаса беретін болады.
Перизат Нұрқаева,
ТАЛҒАР-АҚПАРАТ
TELEGRAM  КАНАЛЫМЫЗҒА ЖАЗЫЛЫҢЫЗ!