СҚО-да атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған 20 отбасының ісі сотқа жіберілді

СҚО-да атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған 20 отбасының ісі сотқа жіберілді

Солтүстік Қазақстан облысында биыл атаулы әлеуметтік көмекті алатындардың саны 13 есе артып, 26988 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында аймақтық коммуникациялар қызметінде СҚО облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев айтты. Оның хабарлауынша, өңірде көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек жасау үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге жұмсалды. Бұл қаражат отбасыларға айтарлықтай көмек болды. Алайда, облыста табысы мен кәсібін жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келгендер анықталып отыр. Тексеріс барысында 1152 отбасы бойынша сұрақтар туындап, қайта мағлұматтар жиналды.

Нәтижесінде 705 отбасыға табысының белгілі межеден асып кетуіне байланысты төлем жасау тоқтатылды. Олардың 167-сі бюджетке 14,7 млн теңгені қайтарды. Жалпы сомасы 4592,4 мың теңге болатын 20 іс соттың қарауына жіберілді. 500-дей отбасыға тағайындалға атаулы әлеуметтік көмек қайта есептелді.

Қазір өңірде 27 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Мамандардың есебінше, 5 мүшесі бар отбасыға берілетін жәрдемақының мөлшері 5,4 есе артып, шамамен 13 мың теңгеден 75 мың теңгеге дейін жетті.

Талғар-ақпарат