Әдемі стиль, көркем жазудың шебері, ғажайып шығармасы арқылы әрбір қазақ баласының жүрегіне асқақ рух, туған ата-анасы мен кіндік қаны тамған жеріне деген шексіз махаббатын «Менің атым-Қожа», «Жекпе-жек», «Аяжан», «Қайдасың, Гауһар?», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты повесть-романдары арқылы қалдырып кеткен жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр.
Өткен аптада Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуаныш Ерғалымқызының ұйытқы болуымен Б.Соқпақбаевтың 95 жылдығына орай: «Балалық көңілдің пердесін дөп басқан жазушы» атты ашық тәрбие сағаты болып өтті. Мектеп оқушылары мен олардың ұстазы Қуаныш Жұматаеваның тәрбие сағатына ерекше дайындықпен келгені көрініп тұрды. Қабырғаларға ілінген жазушы Б.Соқпақбаевтың көркем бейнесі мен үстел үстіне қаз-қатар жайылған кітаптары көп нәрседен хабар беріп тұрғандай. Әдеби-сазды шығармашылық кеште мектеп оқушылары «Менің атым-Қожа» фильмінен көрініс көрсетіп, оның алғаш жарық көрген «Бұлақ» атты өлеңдер жинағынан өлеңдер оқыды. «Жазушы – өз халқының рухани көсемі» демекші, балалар әдебиетінің теңдесі жоқ шебері, көркем сөздің дүлдүлі Бердібек Соқпақбаевқа арналған кешке арнайы келген, Талғар қаласындағы қазақ тілін оқыту орталығының директоры Камнұр Тәлімұлы мен аудандық кітапхана директоры Махамбет Хармысовтар жүрекжарды сөздерін айтып, ұлт рухының биік бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың көркем туындыларының қазақ әдебиетінде шамшырақ болып, мәңгі жарқырап тұратынын ғибратқа толы әңгімелерімен жеткізе білді.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».