«Ахыска» футболшылары Талғарда бас қосты

«Ахыска» футболшылары Талғарда бас қосты

Жуырда «Триумф» спорттық-сауықтыру кешенінің футбол алаңында «Ахыска» түрік этно-мәдени бірлестігінің ұйытқы болуымен футболдан жарыс болып өтті. «Ахыска» түріктері-Сталин режимімен 1944 жылы қарашада Орта Азия елдері мен Қазақстан аумағына қоныс аударған ұлттың бірі.

Олардың тарихи Отаны – Грузияның оңтүстік-батыс аудандары. Бұрын бұл аудандар Осман империясының құрамына еніп, Ахыск патшалығын құрған. 1829 жылғы түрік-орыс соғысынан кейін бұл жерлер Ресей империясының қол астына өтіп, Ахалцих уезді атағын алған. Қазір Қазақстанда 200 мыңдай түрік ұлты тұрады. Бүгіндері Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында түрік ұлты көптеп қоныстанған. Сондықтан «Ахыска» түрік-мәдени бірлестігінің шағын футболдан өткен жарысына Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Алматы облысының әр аудандары мен ауыл-аймақтарында қоныс тепкен түрік бозбалалары көптеп жиналды. Жан-жақтан жиналған 10 команданың теңбіл доп шеберлері «Триумф» спорт кешенінің жасыл алаңын кешке дейін дүбірге бөледі. Теңбіл допты «шырқ» үйірген түрік балалары бас жүлде үшін барын салды. Нә-тижесінде Жамбыл облысының Тараз қаласынан келген футболшылары ақтық сында Талғар ауданының «Еңбекші» ауылының спортшыларын айқын басымдылықпен жеңіп, «Ахыска» түрік этномәдени республикалық бірлестігінің бас бәйгесін иемденді. Екінші жүлдені «Еңбекші» ауылының шебер футболшылары алса, үшінші тұғырға Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласынан келген команда көтерілді. Сөйтіп, «Ахыска» республикалық этномәдени қоғамының ұйымдастырған футбол мерекесі өз мәресіне жетті.

Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ,
«Талғар».