Азия чемпионы

Азия чемпионы

«Еңбекке дағдыланып алған соң адам енді онсыз өмір сүре алмайтын болады. Бұл дүниедегінің бәрі еңбекке байланысты», – деп ғалым, ой зергері Л.Пастер айтпақшы, әрбір адам жас кезінен еңбекті сүйіп, дене жаттығуларын жасауды дағдыға айналдырса, оның ұзақ өмір сүретіні белгілі.

Өйткені еңбек пен спорт егіз ұғым. Талғарлық жас өрен, самбо күресінен «Қазақстанның спорт шебері», талай-талай Азия мен әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген Ақмарал Бағланқызы бұл күндері спорт көгінде жарқырап көріне бастаған қыздың бірі. Қаладағы №1 мектепте білім алып, жетінші сыныптан бастап дзю-до, самбо күресімен жүйелі айналысқан Ақмарал 9-10-сыныптардан бастап көзге түсе бастады. 2014 жылы Байқоңыр қаласында өткен республикалық жарыста 38 келі салмақта «чемпион» атанса, сол жылы Кипр мемлекетінің астанасы Лимасола қаласында өткен әлем чемпионатына қатысқан қаршадай қыз Кипр елінің спортшысы мен Ресейдің балуан қыздарын жеңіп, үшінші айқасында жеңіліп, бесінші орын алды. Жыл өткен сайын тәжірбие жинақтап келе жатқан балуан қызға бапкерлері – Асхат Сепилов, Найл Мусаев, Жомарт Сағындықовтар самбо күресінің сан түрлі әдіс-айлаларын үйретуге тырысты. 2015-2016 жылдары ол өз салмағында Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы, бес дүркін күміс жүлдегері атанды. 2016 жылы Якутия елінде өткен «Азия балалары» атты Азия чемпионатында 52 келі салмақта күрескен Ақмарал қола жүлдені мойнына ілді. Міне, сол Ақмарал Бағланқызы осы жылдың қыркүйек айында Үндістан мемлекетінің Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында 64 келі салмақта өнер көрсетті. «Сары құрлықтың» барлық мемлекетінен жиналған самбошы қыздар арасында жақсы өнер көрсеткен Ақмарал ең алғашқы айқасын Үндістан балуанымен өткізіп қарсыласын 4 ұпай айырмашылығымен жеңді. Екінші айқасында Қырғызстан спортшысын татами үстінде айқын басымдылықпен ұтса, үшінші белдесуінде Өзбекстан командасының өкілін қолын «байлап тастау» әдісімен ұтты. Ақтық сында ол Индонезия елінің самбошы қызымен күш сынасты. Бұл белдесуде қажыр-қайраты мен әдіс-айласы мол Ақмарал қарсыласын бір орайы келгенде қазақтың «орақ шалыс» әдісімен атып ұрды да, татами үстінде 20 секунд тырп еткізбей ұстап жатты. Сөйтіп, бұл жарыста бағы мен бабы қатар шапқан Ақмарал Бағланқызы «Азия чемпионы» атанып, Талғар спортының абыройын бір көтеріп тастады. Он тоғыз жасар самбошы қыз бұл күндері Өзбекстан республикасының астанасы Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында бақ сынауда. Әрдайым сәттілік саған жолдас болсын, Ақмарал деген тілек айтамыз.

Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».