Өткен аптада Талғар ауданының әкімшілігінің қолдауымен, «Baron.food» ЖШС-ның демеушілік көрсетуімен қаламызда алғашқы рет спорттық марафон өтті. Игі шараның өтуіне «Caspian Education Gruoup» білім орталығы, «РазУм» баланы дамыту орталығы және «ТалғарЖарнама» агенттігімен қатар «Master Premium» парфюмерлік желісі мұрындық болды. Қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отырған Марафонға ауданымыздағы мектеп оқушыларымен қатар белсенді аудан тұрғындары да атсалысты.
«Алмалы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жиналған халықтың қарасы көп болды. Қатысушылар арасында ауданымызға еңбегі сіңген спорт шеберлері, бапкерлер де төбе көрсетті. Спорт кешенінен бастау алған жарыс жолы Абай көшесімен төмен түсіп Қонаев көшесінен оңға бұрылып, Асфендияров көшесімен жоғарылай сөреге айналып келуі керек деп көрсетілген. Нәтижесінде Марафон қатысушылары көрсетілген жарыс жолы бойынша үш шақырымды тоқтамай жүгіріп өтті.
Ұйымдастырушылар тарапы салауатты өмір салтын жанына серік еткен аталмыш Марафон қатысушыларының қай-қайсысын да назардан тыс қалдырмады. Үш шақырымды жүгіріп өтіп мәреге келген спортшының мойнына медаль іліп, «Мақтау қағаздарымен» марапаттады. Марафонға қатысқан атлеттердің ең үлкені 60 жастағы Сері Кеңесбаев болды. Спорттық шарадан тыс қалуды жөн санамаған көпбалалы Несмачиндер отбасы толық құрамда қатысқанын көріп қуандық.
Айта кету керек, ұйымдастырушылар осыдан біраз уақыт бұрын Талғар Марафонының эмблемасын таңдау мақсатында конкурс жариялаған болатын. Нәтижесінде Бесағаш ауылындағы №28 орта мектебінің 7 «а» сынып оқушысы Тұрлыханова Ажардың салған суреті үздік деп танылып, марафонның басты эмблемасы болып қабылданған. Ұйымдастырушылар өз кезегінде суретші қызға деген ризашылықтарын білдіріп, «Алғыс хат» берді.
Сонымен қатар, Марафон соңында шараның өтуіне атсалысқан азаматтарға да «Алғыс хат» табыс етілді. Жоба авторлары қаламызда алғашқы рет ұйымдастырылып отырған осы бір игі бастаманың келер жылы да жалғасын табатынына сөз берді.
Дархан ӘУК,
«Талғар».