Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп тегін айтпаған. Осы бір аталы сөздің астарына үңілсек, отбасы құндылықтарын сақтаудың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін түсінесің.
Қандай да мемлекеттің іргетасы берік, болашағы кемелді болуы ұлағатты ұя, үлгілі шаңырақтан бастау алатыны анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала әкеден – ақыл, анадан – мейірім алады. Әке – отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана отбасының ұйтқысы, жылуы, алтын қазығы.
Өткен аптада, Кеңдала ауылдық округі, Ақтас ауылында орын тепкен №36 орта мектебінің акті залында «Жас отау» атты аудандық жас отбасылар байқауы болып өтті. Айта кетейік, аталған байқау жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге, салауатты өмір салтын, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттауға бағытталған. Талғар ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқауға Белбұлақ, Кеңдала, Бесағаш және Нұра ауылдық округтерінен жас отбасылар қатысты. Жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген Кеңдала ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Көлбаев аталмыш іс-шараның мәні мен маңызына тоқтала келе, жастарға отбасы құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы жайында ғибратты ойын айтып, сәттілік тіледі. Осыдан соң «Жүйрік болсаң, шауып көр!» атты спорттық жарысқа кезек беріліп, сайыскерлер өздерінің шапшаңдық пен ептілік, мергендік өнерлерін байқатты. Әр отбасының салауатты өмір салтын ұстануын анықтауға негізделген спорттық сайыс қызықты әрі тартысты өтіп, оған үлкендермен қатар отбасының кішкентай мүшелері – бүлдіршіндер де белсене қатысты. Байқау талабы бойынша сайыстың келесі кезеңі мектептің акті залында жалғасты. Байқауда бақ сынаған бес команда өздерін таныстыруда шығармашылық таныта білді. Бірі таныстыруды өлең шумақтарымен өрнектесе, енді бірі қарапайым қара сөзге сыйдырды. Слайдтар арқылы отбасының шуақты сәттерін бейнелеген фотосуреттерді ұсынып ерекше талғампаздық танытқан «Сезім» командасы да көрерменнің көңілінен шықты. Осыдан соң сұрақ-жауапқа негізделген «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» сатысында, сайыскерлер халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты танымдық деңгейлерін байқатты. «Өнерліге өріс кең» деп бекер айтылмаған ғой, сайыстың соңғы кезеңінде әр отбасы өзінің өнерін ортаға салды. Нұра ауылынан келген «Болашақ» отбасылық командасы ағаштан құс ұясын жасап және дәмді торт пісіріп әкелсе, Кеңдала ауылының «Сезім» командасы тамаша ән сыйлады, Бесағаштан келген «Бақыт» тобы «Сағыныш сазы» әнін жанды дауыспен орындап көрерменнің ықыласына бөленді. Белбұлақтық «Өнегелі отбасы» командасы «Жетім қыз» монологын оқып, жүректі тебірентіп, жанарға жас үйірді, осы ауылдан келген «Белес» командасы «Қара жорға» әнін бимен айшықтап жақсы өнер көрсетті. Әділқазылар жас отбасыларының әр кезең бойынша көрсеткен жетістіктерін саралай отырып, сахна мәдениетіне, киім үлгісіне де жіті мән берді. Бұл орайда, «Сезім» командасы өнер көрсетуден де, киім үлгісі бойынша да өзгелерден оқ бойы озық шықты.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, әділқазы алқасының қорытындысы бойынша сынақтан сүрінбей өткен Кеңдала ауылдық округінің «Сезім» отбасылық командасы – Еркінбек Барахан мен Айнұр Жорданбекқызы, кішкентай үш қызымен сайыс жеңімпазы атанды. Абырой биігінен көрінген жүлдегер отбасы арнайы дипломмен марапатталып, сыйлыққа телевизор табыс етілді. Жүлделі екінші орынды Бесағаш ауылынан келген «Бақыт» командасы, Әбіл Оразәлі мен жұбайы Сымбат Бекназарова еншіледі. Үшінші орын Белбұлақ ауылының «Белес» отбасылық командасы, Берік Абдукаримов пен Арайлым Мақұлға бұйырды. Жүлделі командаларға «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Нұра ауылдық округінің «Болашақ» командасы мен Белбұлақ ауылынан қатысқан «Өнегелі отбасы» командалары да ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Алдағы уақытта облыстық деңгейде өтетін отбасылық сайысқа жолдама алған «Сезім» командасы намысты қолдан бермей, биік деңгейден көрінеді деген үміттеміз. Осылайша, аудандық «Жас отау» сайысына қатысушы барлық жас отбасылар риза болып, қуанышпен тарасты.
Райхан Азимова,
«Талғар».